RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ҚАЗЫҒҰРТТА ҚАРҚЫНДЫ КӘСІП: ЖЫЛЫЖАЙДА ЖЕТІЛГЕН ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ

Ауылдың ажарын ашып, елдің ырысын арттыратын ең басты күш — еңбек. Туған жердің топырағын қадірлеп, маңдай терімен нәсібін тауып жүрген жандардың бірі — Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Әбдіманап Бекмұрзаев. Көп жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер бүгінде заманауи жылыжай кәсібін дамытып, ауыл экономикасына өзіндік үлес қосып отыр.

Берекелі бастаманың арқасында ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті нарық сапалы өніммен толықтырылуда. Әсіресе, мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін ұтымды пайдалана білген кәсіпкердің еңбегі көпке үлгі.

Әбдіманап Бекмұрзаев «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген шартпен, яғни жылдық 2,5 пайызбен 8 миллион теңге көлемінде несие алып, 0,15 гектар аумаққа заманауи жылыжай кешенін салған. Бұл — ауылдағы кәсіпкерлер үшін жасалып жатқан нақты қолдаудың жемісті нәтижесі.

Бүгінде жылыжай ішінде тынымсыз тіршілік қайнап жатыр. Мұнда жыл он екі ай көкөніс өсіріліп, жердің берекесі еселенуде. Қазіргі таңда кәсіпкер қызанақ өсіруге басымдық беріп отыр. Жылыжайдан жылына шамамен 10 тоннаға жуық өнім алынады. Бұл өнімдер аудан орталығындағы сауда орындарына ғана емес, Алматы қаласының базарлары мен дүкендеріне де жөнелтіледі.

Жергілікті жерде өндірілген табиғи әрі сапалы өнімге сұраныс жоғары. Себебі жылыжайда өсірілген көкөністер экологиялық талаптарға сай дайындалады. Кәсіпкер өнім сапасына ерекше мән беріп, заманауи агротехнологияларды кеңінен қолдануда. Жылыжайда өсімдіктің өсуіне қажетті дәрумендер мен минералды тыңайтқыштар тиімді пайдаланылып, өнімнің табиғи құнарын сақтауға басымдық берілген.

Тәжірибелі кәсіпкердің айтуынша, жылыжай кәсібі — табандылық пен ұқыптылықты талап ететін сала. Әрбір көшетті баптау, қажетті температура мен ылғалдылықты сақтау, өнім сапасын қадағалау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дегенмен, еңбек ешқашан елеусіз қалмайды.

— «Мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 8 миллион теңге несие алдым. Бұл — ауылдағы кәсіпкерлер үшін өте тиімді мүмкіндік. Алғашында 15 соттық жерге қияр еккен болатынмын, биыл қызанақ өсіруге көштік. Қазір 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз», — дейді кәсіпкер Әбдіманап Бекмұрзаев.

Шағын ғана бастамадан басталған іс бүгінде ауыл тұрғындарына табыс көзіне айналып отыр. Қазіргі таңда жылыжай шаруашылығында 6 ауыл тұрғыны тұрақты еңбек етуде. Бұл — ауылдағы жұмыссыздықты азайтып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп отырған маңызды жоба.

Жылыжай кәсібінің дамуы — тек бір кәсіпкердің жетістігі емес, бұл ауыл шаруашылығындағы жаңа мүмкіндіктердің айқын көрінісі. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы ауыл тұрғындарының кәсіпке деген қызығушылығын арттырып, ауыл экономикасының жандануына жол ашуда.

Қазығұрт өңіріндегі мұндай игі бастамалар ауыл еңбеккерлерінің еңсесін көтеріп, отандық өнім көлемін арттыруға ықпал етуде. Ең бастысы — жердің қадірін білген еңбек адамының маңдай тері ақталып, ауыл тіршілігіне жаңа серпін берілуде.

Туған жердің топырағынан несібе терген кәсіпкерлердің табанды еңбегі — ауылдың болашағына салынған берік негіз. Ал жылыжайда жайқалған әрбір өнім — адал еңбектің жемісі, ел ырысының белгісі.

Ұқсас жаңалықтар

Үкіметте мал шаруашылығын цифрлық трансформациялау мәселесі қаралды

redaktor_rastimes

Қазақстан мен Франция Іле-Балқаш бассейнін зерттейді

Президент Мекемтас Мырзахметұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады

redaktor_rastimes

Пікір жазу