Көктем келісімен жер-ананың тынысы кеңейіп, ауыл тіршілігі қайта жанданады. Даланың төсін дүбірге бөлеген трактор үні, жер жыртқан техникалардың қарқыны, еңбекке білек сыбана кіріскен диқандардың маңдай тері — берекелі еңбектің бастауы. Биыл да Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізіліп, егін шаруашылығында ауқымды жоспарлар жүзеге асырылуда.
2026 жылы аудан көлемінде жалпы 64 мың 900 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Бұл — өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Қазіргі таңда шаруалар көктемгі науқанды тиімді пайдаланып, егіс жұмыстарын жүйелі атқаруда. Бүгінде 14 мың 280 гектар алқапқа күздік бидай егілсе, қосымша 1 400 гектарға жаздық бидай себілген. Сонымен қатар 6 мың 800 гектар арпа алқабының 60 пайызы игеріліп, 11 мың 920 гектар майлы дақылдардың үштен бір бөлігі егілді. Ал 28 мың 500 гектар мал азықтық дақылдардың 65 пайызына тұқым себіліп үлгерген.
Түлкібас диқандары тек дәнді дақылдармен шектелмей, халық сұранысына ие көкөніс пен картоп егу ісіне де ерекше көңіл бөлуде. Биыл аудан бойынша 1 200 гектарға картоп, 1 500 гектарға көкөніс дақылдарын отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл — ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.
Аудан шаруаларының еңбекқорлығы мен ұйымшылдығы көктемгі науқан кезінде айқын байқалады. Солардың бірі — Майлыкент ауылдық округіндегі «Тұлпар» шаруа қожалығы. Бүгінде қожалық алқабында қызу еңбек қайнап жатыр. Жалпы көлемі 27 гектар егістік жердің әр гектары ұқыптылықпен игеріліп, жер жырту, дән себу және тырмалау жұмыстары толық қарқынмен атқарылуда.
Шаруашылық басшысы Исмайл Алиевтің айтуынша, көктемнің әр күні — диқандар үшін алтынмен тең. Уақытты тиімді пайдалану мен агротехникалық талаптарды сақтау мол өнімнің кепілі саналады. Сондықтан қожалық биыл жоңышқа мен арпа егуге басымдық беріп отыр. Жоспар бойынша биыл 35 тонна өнім алу көзделген.
Әсіресе, мал азығын дайындау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Жоңышқаның алғашқы өнімі тамыз айында жиналып, шамамен 5 мың орам мал азығын әзірлеу жоспарланып отыр. Ал арпа өнімі маусым айында қамбаға құйылады деп күтілуде. Бұл — ауданның мал шаруашылығын дамытуға да серпін беретін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы техника қуатына тікелей байланысты. Осы ретте «Тұлпар» шаруа қожалығы қажетті техникалармен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде шаруашылықта 10-ға жуық техника жұмылдырылған. Оның ішінде 4 ірі техника, 3 соқа мен тырма бар. Заманауи техникалардың көмегімен көктемгі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар қожалықта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да үлес қосып отыр.
Мемлекет тарапынан да шаруаларға көрсетіліп жатқан қолдау айтарлықтай. Биыл аудан бойынша 101 шаруашылық көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармайды жеңілдетілген бағамен алу үшін «Госагро» порталы арқылы өтінім берген. Нәтижесінде шаруалар дизель отынымен қамтамасыз етілуде. Бұл — көктемгі науқанның тоқтаусыз әрі жүйелі жүруіне үлкен көмек.
Бұдан бөлек, 19 шаруашылық көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген пайызбен несие алып, қажетті жұмыстарын атқаруда. Мұндай қолдау ауыл еңбеккерлерінің еңсесін тіктеп, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беруде.
Егіннің бітік шығуы тыңайтқышпен де тығыз байланысты. Осыған орай биыл Түлкібас ауданында жалпы 5 мың 557 тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 4 мың 500 тоннасы сатып алынып, егістік алқаптарды қосымша қоректендіруге пайдаланылуда. Бұл — топырақ құнарын арттырып, өнім көлемін көбейтуге бағытталған маңызды шара.
Түлкібастың еңбекқор шаруалары табиғатпен тіл табысып, маңдай термен жердің ырысын арттыру жолында аянбай еңбек етуде. Даланың әр түйір топырағын қадірлеген диқан қауымының тынымсыз тірлігі — ел экономикасының тірегі, ауылдың берекесі мен халықтың несібесі. Биылғы көктемгі науқан да молшылық пен берекенің бастауы боларына сенім мол.

