Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, өңір ауыл шаруашылығы өндірісі, инвестиция тарту, өнімді қайта өңдеу және экспорт көлемі бойынша республикадағы жетекші аймақтардың біріне айналды. Мемлекет басшысының аграрлық саланы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды көбейту, қайта өңдеу өндірістерін дамыту және экспорттық әлеуетті күшейту жөніндегі тапсырмалары өңірде нақты нәтижесін беруде.
2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысында 325,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 110,7 пайызды құрап, өңір бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орынға шықты. Бұл ауыл шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан кешенді реформалар мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін айғақтайды.
Өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне инвестиция тарту қарқыны да жоғары деңгейде сақталуда. Есепті кезеңде салаға 153,2 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлемі 1,5 есеге артты. Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жаңа өндірістердің іске қосылуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы да тұрақты өсім көрсетуде. Алты айдың қорытындысында тамақ өнімдерінің өндірісі 96,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 126,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің барлық негізгі бағыттары бойынша оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, ет өнімдерін өңдеу көлемі 172,1 пайызға, өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру 136,7 пайызға, сусындар өндірісі 139,6 пайызға, ұн-жарма өнімдері мен балық өнімдерін өңдеу 121,4 пайызға, ал жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу 108,5 пайызға артты. Бұл өңірде шикізатты терең өңдеу бағытындағы жұмыстардың тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Экспорт көрсеткіштері де айтарлықтай өсті. Жыл басынан бері Түркістан облысынан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім шетел нарығына жөнелтіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі екі есеге ұлғайды. Оның ішінде 642,4 мың тоннасы – өсімдік шаруашылығы өнімдері, 25,8 мың тоннасы – мал шаруашылығы өнімдері, ал 236,3 мың тоннасы қайта өңделген өнімдер болды. Бұл өңірдің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мақсатында биыл егіс алқаптарының көлемі 8 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 919 мың гектарға жеткізілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 326 мың гектарға, майлы дақылдар 87 мың гектарға, көкөніс 42 мың гектарға, бақша дақылдары 62 мың гектарға, картоп 12 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 228 мың гектарға және мақта 162 мың гектарға егілді. 21 шілдедегі жағдай бойынша 242 мың тонна масақты дақыл, 583 мың тонна көкөніс, 750 мың тонна бақша өнімдері, 207 мың тонна картоп және 3,2 млн тонна мал азығы жиналды.
Өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынды жалғасуда. Биыл қосымша 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Нәтижесінде мұндай технологиялар қолданылатын жалпы жер көлемі 164 мың гектарға жетіп, жыл сайын 280 млн текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда су үнемдеу жүйелері 37 мың гектар алқапқа енгізіліп, жоспардың 74 пайызы орындалған.
Түркістан облысы мал шаруашылығы бойынша да республикадағы жетекші өңір саналады. Бүгінде еліміздегі ірі қара малдың 13 пайызы, қой мен ешкінің 20 пайызы, жылқының 10 пайызы және түйенің 14 пайызы облыс аумағында шоғырланған. Алты айдың қорытындысында өңірде 116,3 мың тонна ет, 271,8 мың тонна сүт және 170,8 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
Мал шаруашылығының тұрақты дамуы экспорт көлемінің артуына да оң ықпал етуде. Қазіргі таңда республикадан экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Есепті кезеңде сыртқы нарыққа 10,3 мың тонна сиыр еті мен 14,4 мың тонна қой еті экспортталды.
Қол жеткізілген нәтижелер Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін айқын көрсетеді.
