Түркістан облысының Созақ ауданында биылғы егін жинау науқаны басталып, диқандар жаз бойы төккен еңбегінің жемісін жинауға кірісті. Ауыл шаруашылығы саласының маңызды кезеңі саналатын жиын-терім жұмыстары ауданда ұйымдасқан түрде жүргізіліп, шаруалар қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, өнімді уақытылы әрі ысырапсыз жинауға күш салуда.
Жиын-терім науқанының барысымен танысу мақсатында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков егіс алқаптарын аралап, шаруалармен кездесті. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің еңбегіне жоғары баға беріп, науқанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ шаруашылық иелерімен кездесіп, өнім көлемі, техникалық дайындық, алдағы жоспарлар және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде пікір алмасты.
Аудан әкімі алдымен «Камила РБР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында болды. Биыл серіктестік 120 гектар жерге арпа дақылын орналастырып, алғашқы өнімін жинауға кіріскен. Заманауи агротехникалық талаптарды сақтай отырып жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биылғы өнімнің шығымы көңіл қуантады. Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, көктем мезгілінде жауын-шашынның мол түсуі мен агротехникалық шаралардың дер кезінде орындалуы егіннің бітік шығуына оң ықпал еткен.
Қазіргі таңда шаруашылық әр гектардан орта есеппен 15 центнер өнім алып отыр. Бұл көрсеткіш аудандағы диқандардың жерді тиімді пайдаланып, заманауи агротехнологияларды ұтымды қолдануының нәтижесі екені атап өтілді. Сонымен қатар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалары толық дайындалып, барлық өндірістік процесс белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жалпы биыл Созақ ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 107,6 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 14 746 гектарға жетті. Егіс алқаптарының ұлғаюы өңірде ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде өнім көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті халықтың табысын көбейтуге және ауыл экономикасының тұрақты дамуына оң әсерін тигізуде.
Бүгінде аудан шаруалары ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланып, егінді қысқа мерзімде әрі сапалы жинап алуға жұмылдырылған. Жиналған өнімнің сақталуы мен тасымалдануына қажетті ұйымдастыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Бұл өнімнің ысырапсыз жиналуына және ішкі нарықты сапалы астықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, егіс көлемін ұлғайту және еңбек өнімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану, жаңа технологияларды енгізу және шаруалардың тәжірибесін жетілдіру арқылы ауданның аграрлық әлеуетін одан әрі нығайту көзделіп отыр. Биылғы жиын-терім науқанының нәтижесі диқандардың маусым бойғы тынымсыз еңбегінің нақты жемісі болып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына өз үлесін қоспақ.

