RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарКәсіп

ТҮРКІСТАННЫҢ ТАУЛЫ ӨҢІРІНДЕ ТІРШІЛІК ТАМЫРЫ ТАМШЫЛАП ТАМЫР ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

Су — тіршіліктің өзегі. Адамзат баласы үшін ғана емес, жер-ананың тынысы, егіннің ырысы, даланың берекесі де осы мөлдір тамшыға тәуелді. Алайда соңғы жылдары әлем жұртшылығын алаңдатқан ең үлкен мәселелердің бірі — су тапшылығы. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, табиғи ресурстарды бейберекет пайдалану секілді факторлар ауыл шаруашылығы саласына орасан қиындық туғызуда. Бұл жағдай, әсіресе, егін мен мал шаруашылығын кәсіп еткен шаруаларға ауыр салмақ салуда.

Осындай күрделі кезеңде Түркістан облысының таулы аймағы саналатын Түлкібас ауданында су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Тіршілік нәрін тиімді пайдаланып, әр тамшы судың қадірін арттыруды мақсат еткен шаруалар биыл 500 гектар алқапқа заманауи су үнемдеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл бастамаға ауданның ірі шаруашылықтары белсенді атсалысуда. Атап айтқанда, «Кен Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50 гектар алқапқа, «Алмалы сай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тағы 50 гектарға су үнемдеу технологиясын орнатуды көздеп отыр. Сонымен қатар, «Бірлік» шаруа қожалығы 125 гектар жерге, «Қызыл Жар» ЖШС 146 гектарға, «Елена и К» өндірістік кооперативі 42 гектарға, ал «Мақұлбек» ЖШС 115 гектар алқапқа жаңа жүйені енгізбек.

Бұл — жай ғана технологиялық жаңалық емес. Бұл — табиғатпен үндескен, болашаққа бағытталған маңызды қадам. Өйткені су үнемдеу жүйелері егістікті қажетті мөлшерде ылғалмен қамтамасыз етіп қана қоймай, өнім көлемін арттырып, жердің құнарын сақтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, таулы аймақтағы күрделі жер бедерінде мұндай технологиялардың тиімділігі жоғары бағалануда.

Мемлекет те шаруалардың бұл бастамасына ерекше қолдау көрсетіп отыр. Су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығынның 80 пайызға дейінгі бөлігі мемлекет тарапынан субсидия арқылы өтеледі. Бұл — ауыл шаруашылығын дамытуға жасалған үлкен қолдау әрі диқандардың заманауи әдістерге көшуіне берілген нақты мүмкіндік.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түлкібас ауданында 278 гектар егістік пен жеміс бауларына су үнемдеу технологиясы енгізілген болатын. Нәтижесінде өнім сапасы жақсарып, су шығыны азайып, шаруалардың еңбек өнімділігі артқан. Бұл жетістік өзге шаруалардың да қызығушылығын оятып отыр. Дегенмен, ауданның таулы өңірге жатуы, жер бедерінің тегіс болмауы кейбір техникалық қиындықтарды туындатуда. Соған қарамастан, тіршіліктің тамырын үзбеуді мақсат еткен еңбек адамдары жаңа жүйені игеруге табандылық танытуда.

Бүгінде Түлкібас ауданында тамшылатып суару технологиясы кеңінен қолданылып келеді. Аудан көлемінде 3 мың гектардан астам алма бауы бар болса, соның 700 гектары дәл осы заманауи әдіс арқылы суарылып, жоғары өнім беруде. Әсіресе, алма бақтарындағы өнім сапасының артуы мен судың үнемделуі шаруалардың сенімін нығайтып отыр.

Биыл бұл көрсеткіш тағы да ұлғая түспек. «Кен Тау» ЖШС мен «Алмалы сай» АӨК-нің бастамалары нәтижесінде тамшылатып суару көлемі қосымша 100 гектарға артады деп күтілуде. Бұл — тек аудан экономикасының емес, бүкіл өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Табиғаттың әр тамшысын бағалай білген ел ғана ертеңін баянды ете алады. Түлкібастың таулы өңірінде қолға алынған бұл игі бастамалар — суды үнемдеудің ғана емес, ұрпақ болашағына деген жанашырлықтың жарқын көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісайдың жауһар жұлдыздары – спорт төріндегі салтанат

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

redaktor_rastimes

Рухани кемелденген ұрпақ — ел болашағы: Ассамблея жастары тағылымды сапардан оралды

Пікір жазу