RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

САРЫАҒАШТА СЕРПІНДІ ӨНДІРІС: ТӘУЛІГІНЕ 35 МЫҢ ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРЕТІН ҚҰС ФАБРИКАСЫ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА ҮЛЕС ҚОСУДА

САРЫАҒАШТА СЕРПІНДІ ӨНДІРІС: ТӘУЛІГІНЕ 35 МЫҢ ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРЕТІН ҚҰС ФАБРИКАСЫ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА ҮЛЕС ҚОСУДА

Түркістан өңірінде аграрлық саланы дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Соның ішінде құс шаруашылығы саласы да қарқынды дамып, отандық өнім көлемін арттыруға серпін беруде. Сарыағаш ауданындағы өндірістік әлеуеті жоғары кәсіпорындардың бірі — Дарбаза ауылында орналасқан «Сарыағаш құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құс шаруашылығы бағытында табанды еңбек етіп келе жатқан кәсіпорын бүгінде өңірдегі ірі өндіріс орындарының біріне айналған.

Тауық жұмыртқасын өндірумен айналысатын серіктестік бұл салада 15 жылға жуық уақыттан бері тұрақты жұмыс жасап келеді. Осы уақыт ішінде кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, заман талабына сай жаңғырып, технологиялық тұрғыдан да дамудың жаңа деңгейіне көтерілген.

Қазіргі таңда кәсіпорында шамамен 96 мың бас құс өсірілуде. Бұл — күн сайын мыңдаған отбасының дастарханына сапалы өнім жеткізіп отырған ауқымды өндірістің айқын көрсеткіші. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 35 мың дана жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді. Ал жылдық өндіріс көлемі 50 миллион данаға дейін жетеді. Мұндай көрсеткіш өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр.

Кәсіпорын аумағы шамамен 11 гектар жерді алып жатыр. Мұнда өндірістің барлық кезеңі жүйелі ұйымдастырылып, заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Әсіресе, соңғы жылдары өндіріс процесін автоматтандыру мен техникалық жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінген. Кәсіпорын Германиядан арнайы жеткізілген жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, өндірістің тиімділігі артқан.

Заманауи технологиялардың енгізілуі өнім сапасын жақсартып қана қоймай, еңбек өнімділігін де еселеп отыр. Әрбір өндірістік кезең халықаралық талаптарға сай ұйымдастырылып, санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталады. Бұл — тұтынушы сенімінің артуына негіз болып отырған маңызды факторлардың бірі.

Соңғы жылдары «Сарыағаш құс» серіктестігі өндіріс ауқымын кеңейту бағытында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, қосымша 50 мың басқа арналған жаңа құс фабрикасының құрылысы толық аяқталған. Бұл жоба алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, кәсіпорында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құрама жем өндіретін арнайы цех іске қосылған. Бұл бастама өндірістің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жем-шөп сапасын бақылауға және шығын көлемін азайтуға септігін тигізуде. Нәтижесінде өндіріс тұрақтылығы сақталып, өнімнің өзіндік құны төмендеуде.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да кәсіпорын дамуына серпін беріп отыр. 2025 жылы серіктестікке «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қағидасына сәйкес 52,2 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Бұл қаражат өндірісті жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған.

Кәсіпорынның тағы бір маңызды қыры — халықты тұрақты жұмыспен қамтуы. Бүгінде Талман Мұрат Серікұлы басқаратын өндіріс орнында 20-дан астам адам тұрақты еңбек етеді. Бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, елді мекеннің экономикалық белсенділігін арттыруға оң ықпалын тигізуде.

«Сарыағаш құс» серіктестігінде өндірілген өнімдер аудан мен облыс аумағына тұрақты түрде жеткізіліп, ішкі нарықты сапалы жұмыртқамен қамтамасыз етіп келеді. Отандық өнімге деген сұраныстың артуы кәсіпорын жұмысына тың серпін беруде.

Бүгінде ауыл шаруашылығын дамыту — ел экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте Сарыағаштағы құс шаруашылығының қарқынды дамуы — өңірдегі өндірістік әлеуеттің артып келе жатқанының нақты көрінісі. Еңбек пен ізденісті ұштастыра білген кәсіпорынның табысты жұмысы ауыл кәсіпкерлігінің өркендеуіне жол ашып, отандық өндірістің дамуына сүбелі үлес қосып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ОТБАСЫ ИГІЛІГІ – ЕЛДІҢ ИГІЛІГІ

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАНДА ӘБДІСАЛАН НҰРМАХАНОВ АТЫНДАҒЫ ХХХІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАНДАҒЫ БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТА ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ЖАЙҚАЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу