RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан облысының озат шаруалары Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапатына ие болды

2026 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария қызметі мен мал шаруашылығы саласы қызметкерлері күніне орай «Ел ырысы – Еселі еңбек!» атты салтанатты мерекелік іс-шара өткізді. Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандарды ұлықтауға арналған жиынға сала ардагерлері, еңбек озаттары, фермерлер, шаруашылық басшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Мерекелік жиында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров құттықтау сөз сөйлеп, ветеринария қызметкерлері мен мал шаруашылығы саласы мамандарының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудағы және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды еңбегіне жоғары баға берді.

Салтанатты шара барысында салада ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп, мал шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан үздік мамандар мен шаруашылық басшылары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Түркістан облысының еңбекқор шаруалары да бар.

Атап айтқанда, «Сәрсен» шаруа қожалығының төрағасы Тұяқбай Жаңабай және «Әділет» шаруа қожалығының төрағасы Әбілқасым Қожатаев Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Бұл марапат олардың ауыл шаруашылығы саласындағы көпжылдық адал еңбегі мен мал шаруашылығын дамытуға қосқан сүбелі үлесінің жоғары бағаланғанының айқын көрінісі.

Сонымен қатар «Бесқара» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мұрат Абдибаевқа Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Аталған марапат агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, мал шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға және саланың тұрақты дамуына қосқан ерекше үлесі үшін берілді.

Бүгінде Түркістан облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде асыл тұқымды мал басын көбейту, өндіріс көлемін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өнім сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жетістіктердің негізінде өз кәсібіне адал, еңбекқор шаруалардың қажырлы еңбегі жатыр.

Мерекелік іс-шарада сала қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, ауыл еңбеккерлерінің ел экономикасын дамытудағы рөлі жоғары бағаланып, олардың еселі еңбегі мемлекет тарапынан әрдайым қолдау табатыны атап өтілді.

Түркістан облысы өкілдерінің республикалық деңгейдегі жоғары марапаттарға ие болуы – өңірдің ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың және еңбек адамдарының кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі. Бұл жетістік ауыл еңбеккерлерін жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіріп, аграрлық саланың одан әрі дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістандық есешілер ел чемпионатында ерекше көзге түсті

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1000-ҒА ЖУЫҚ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

redaktor_rastimes

ТАУ ТУРИЗМІН ДАМЫТУ – ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚ АЯСЫНДА

redaktor_rastimes

Пікір жазу