RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

«Ауыл аманаты» – ауыл кәсіпкерлігінің тірегі: Саурандағы «Рустамбек» шаруа қожалығы өндіріс көлемін ұлғайтып келеді

Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында орналасқан «Рустамбек» шаруа қожалығы 2002 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында тұрақты еңбек етіп келеді. Көпжылдық тәжірибесі мен жүйелі жұмысының нәтижесінде шаруашылық өңірдегі табысты агроқұрылымдардың біріне айналып, егін және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр.

Бүгінде шаруашылықта ауыл шаруашылығы дақылдарының бірнеше түрі өсіріледі. Атап айтқанда, 20 гектар алқапқа жоңышқа, 30 гектарға бидай, 10 гектарға жүгері, 13 гектарға қауын-қарбыз және 2 гектар жерге бау-бақша дақылдары егілген. Заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану мен жерді ұтымды игерудің арқасында шаруашылық жыл сайын өнім көлемін арттырып, ішкі нарықты сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.

«Рустамбек» шаруа қожалығы егін шаруашылығын дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып келеді. Соның нәтижесінде кәсіпкер 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 5 миллион теңге несие алып, өндірістік әлеуетін арттырды. Бұл қаржыға қажетті техникалар мен өндірістік шығындар қамтамасыз етіліп, егіс алқаптарының өнімділігі мен шаруашылықтың жалпы тиімділігі айтарлықтай жақсарған.

Егін шаруашылығымен қатар, қожалықта мал бордақылау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаруашылықтың табыс көзін әртараптандырып, ауыл тұрғындарын сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы кәсіпкердің кәсібін жаңа деңгейге көтеруге жол ашты. Атап айтқанда, 2024 жылы «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9,2 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Қолайлы қаржыландыру нәтижесінде шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және отбасылық кәсіпті одан әрі дамытуға мүмкіндік жасалды.

Шаруа қожалығының жетекшісі Рустамбек Нарметов мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін іс жүзінде сезініп отырған кәсіпкерлердің бірі. Оның айтуынша, жеңілдетілген несиелер ауылдағы кәсіпті дамытуға, жаңа мүмкіндіктерді іске асыруға және отбасының тұрақты табысын арттыруға үлкен серпін берген.

Бүгінде кәсіпкер өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, ауыл шаруашылығы саласында жаңа бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта егіс алқаптарын кеңейту, мал басын көбейту және шаруашылықтың өндірістік қуатын арттыру негізгі мақсаттардың бірі болып отыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына қолдау көрсетіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және ауыл экономикасын дамытуға нақты ықпал етуде. «Рустамбек» шаруа қожалығының тәжірибесі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен ауыл кәсіпкерлеріне беріліп отырған қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін жарқын мысалдардың бірі саналады.

Ұқсас жаңалықтар

Отандық бизнес өкілдерімен ашық әңгіме

redaktor_rastimes

ҰШАҚ АПАТЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЛТЫ АДАМНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТҰРАҚТАНДЫ

redaktor_rastimes

Президент Конституциялық сот төрағасын қабылдады

Пікір жазу