Түркістан облысының Төлеби ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды таныстыру, өндірістік әлеуетті көрсету және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын насихаттау.
Баспасөз туры барысында журналистер ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында табысты жұмыс істеп жатқан бірқатар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, олардың өндірістік мүмкіндіктері мен алдағы жоспарлары жөнінде ақпарат алды.
Алдымен БАҚ өкілдері Сұлтанрабат елді мекенінде орналасқан «AiK.kz» кәсіпорнына барды. Биыл пайдалануға берілген өндіріс орны жұмыртқаға арналған қағаз науаларын (лоток) шығарумен айналысады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты сағатына 2 мың дана өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы инвестициялық құны 250 млн теңгені құрайды.
Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнында бүгінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етумен қатар, өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мұндай жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына оң ықпал етуде.
Баспасөз турының келесі нысаны – «Азия Милк» шаруа қожалығы болды. Құны 1 млрд теңгені құрайтын сүт-тауарлы ферма бүгінде Төлеби ауданындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі саналады. Кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, сапалы сүт өндірісін жолға қойған.
Фермада жыл сайын 1300–1350 тонна, яғни 1400 тоннаға жуық сүт өндіріледі. Өндірілген өнім өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сүт өнімдеріне деген ішкі сұранысты өтеуге бағытталған. Сонымен қатар кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға және заманауи мал шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Бүгінде шаруашылықта 40-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзіне айналып, өңірдегі жұмыспен қамту көрсеткішінің артуына ықпал етуде.
Жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда. Алғашқы кезеңі 2025 жылдың соңында пайдалануға беріліп, фермада 564 бас ірі қара ұсталды. Ал 2026 жылы жүзеге асырылған екінші кезеңнің нәтижесінде мал басы 636-ға дейін көбейді. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсіпорынның тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Фермада малды күтіп-бағу, азықтандыру және сауу жұмыстары заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған. Өндірістік процестердің басым бөлігі автоматтандырылған. Мұндай тәсіл өнім сапасын тұрақты деңгейде сақтап, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан осындай инвестициялық жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беруде. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы, ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып келеді.
Баспасөз туры барысында журналистер өндіріс орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын басшыларымен пікір алмасып, жобалардың іске асырылу барысы мен алдағы даму жоспарлары туралы жан-жақты мәлімет алды. Мұндай ақпараттық сапарлар қоғамды өңірдегі оң өзгерістермен таныстыруға және мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін көрсетуге мүмкіндік береді.

