RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Мақтаарал – халықаралық ықпалдастықтың жаңа дәуіріне қадам басты

Мақтаарал төрінде тағы бір тарихи бастама жүзеге асып, жаһандық экономикалық серіктестікке жол ашатын маңызды жоба іске қосылды. Аудан әкімі Бақыт Асанов жұмыс сапарымен Атакент кентіне арнайы барып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық аймақта салынуы жоспарланған «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының болашақ бағыттарымен егжей-тегжейлі танысты.

Кооперациялық орталықтың құрылысы басталар қарсаңында аудан басшысы жер телімінің аумағын өз көзімен көріп, оның инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу барысын тиісті сала мамандарымен бірге талқылап, нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл нысан – жай ғана құрылыс емес, стратегиялық жобалардың бірі. Себебі ол – қос мемлекеттің өзара өндірістік ынтымақтастығын нығайтатын, сауда-саттықты жандандыратын, шекара маңындағы аймақтардың экономикалық тынысын кеңейтетін ауқымды бастама.

Аудан әкімі өз сөзінде бұл орталықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық кооперация орталығы іске қосылған соң, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жаңа сатыға көтеріледі. Сонымен қатар бұл жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экспорттық бағыттағы өндірістердің дамуына ықпал етеді. Яғни бұл – бір аймақтың емес, тұтас өңірдің даму траекториясын өзгертер жобалардың бірі.

Сапар барысында Бақыт Асанов Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елді мекеніне де арнайы ат басын бұрып, ауыл шаруашылығы саласында бой көтеріп жатқан «Агрогруз» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Бұл – шетел нарығына бақша өнімдерін экспорттауға бағытталған, заманауи технологиялармен жабдықталған ауқымды жоба. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Барлық инфрақұрылым тартылған, өндірістік кешен толық дайын.

Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 6 мың тоннаға дейін қауын-қарбыз және өзге де бақша өнімдерін сыртқы нарыққа жөнелтуге қауқарлы. Бұл тек Мақтаарал үшін емес, бүкіл еліміздің экспорттық әлеуеті үшін елеулі жетістік болмақ. Өйткені отандық өнімнің әлемдік нарыққа шығуы – ауыл еңбегінің шынайы бағалануы, ал ауыл дами бастаса, ел еңсесі көтеріледі.

Игілік елдімекеніндегі бұл жоба – ауыл шаруашылығы саласындағы нақты қадамдардың, инвесторлармен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Жергілікті шаруаларға мүмкіндік, елге табыс, нарыққа сапалы өнім ұсынып отырған бұл серіктестік – ауыл тіршілігінің жаңарған келбеті.

Қорыта айтқанда, Мақтаарал ауданы бүгін тек құрылыс емес, келешек тұрғызуда. «Орталық Азия» өндірістік кооперация орталығы мен «Агрогруз» секілді инвестициялық жобалар – өңірдің экономикалық картасын қайта сызатын, халықаралық деңгейдегі серпілістердің бастауы. Бұл – ел мен жерге деген жауапкершіліктің, бірлік пен даму мұратына негізделген нақты әрекеттің көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан мен Маңғыстау: ынтымақтастық көпірі

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Сербия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

redaktor_rastimes

«Жастар. Энергия. Болашақ» Қостанайда есірткіге қарсы форум өтті

redaktor_rastimes

Пікір жазу