RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түлкібастың ақпарат алаңында жаңа тыныс – Мархабат Байғұт атындағы медиа студия

Түркі әлемінің рухани тынысы саналатын Түлкібас топырағында тағы бір жарқын жаңалық тіркелді. Аудан орталығы – Т.Рысқұлов елді мекенінде, «Шамшырақ» газетінің редакциясы жанынан белгілі қаламгер, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мархабат Байғұттың есімімен аталған медиа студия ресми түрде ашылып, ел игілігіне ұсынылды.

Салтанатты сәтке Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев, Түркістан облыстық Журналистер одағы филиалының төрағасы Мәлік Дәулетов, өңірдің белді қаламгерлері мен ақпарат саласының майталмандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы келіп, руханият ордасының тұсауын кесті.

Медиа кеңістіктегі жаңа тыныс болар бұл студия – заман талабына сай толық жабдықталған, сапалы дыбыс жазу құрылғылары мен студиялық техникалармен қамтылған шығармашылық алаң. Ол – тек күнделікті жаңалық таратумен шектелмей, ауданнан шыққан ардақты азаматтардың өнегелі өмір жолын насихаттайтын, қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосатын, танымдық әрі тәрбиелік сипаттағы бейнематериалдар мен подкасттар дайындайтын орталыққа айналмақ.

Студияның жанынан заманауи фотостудия да ашылып, мәдени іс-шаралар мен портреттік фототүсірілімдерге мүмкіндік бермек. Болашақта мұнда түсірілген бейнематериалдар, аудиоөнімдер, журналистік зерттеулер мен арнайы жобалар YouTube, әлеуметтік желілер мен арнайы веб-платформалар арқылы кең көлемде таратылады. Бұл өз кезегінде ауданның қоғамдық өмірі мен рухани келбетін кең аудиторияға ұсынуға жол ашады.

Медиа студияның «Мархабат Байғұт» есімін иеленуі – әдебиетке, руханиятқа, ел мұратына адал қызмет еткен тұлғаға көрсетілген зор құрмет қана емес, жас буынды ұлттық болмыс пен көркем ойлау әлеміне баулитын символдық нышан.

Ендігі мақсат – осы игі бастаманы мазмұнмен байытып, ақпарат әлеміндегі бәсекеге қабілетті, жаңаша ойлайтын жас журналистер мен медиатұлғаларға жол ашу. Түлкібас бұл тұрғыда тағы да елге үлгі боларлық қадам жасап отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Павлодар облысының әкімдігі мен ERG арасында меморандум түзілді

redaktor_rastimes

ТҮРІК ИНВЕСТОРЛАРЫ ТЫҢАЙТҚЫШТАР ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШПАҚ

redaktor_rastimes

Рухани жаңғыру жолындағы қадам: Түркістандық Ассамблея жастары тарихи сапарға шықты

Пікір жазу