Түркістан облысы ежелден-ақ табиғаты қолайлы, топырағы құнарлы, ауыл шаруашылығына бейім өңір ретінде танылған. Күннің шуағы мол, еңбекқор халық мекен еткен бұл аймақта бүгінде аграрлық сала қарқынды дамып, заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Соның жарқын дәлелдерінің бірі — Сайрам ауданы Қарасу ауылында орналасқан «Dala Fruit» агроөнеркәсіптік кешені.
Бүгінде бұл кәсіпорын тек Түркістан өңірінің ғана емес, Қазақстандағы ірі агроөнеркәсіптік компаниялардың біріне айналып отыр. Алма өсіру, сақтау, өңдеу және табиғи шырын өндіру бағытында жұмыс істейтін кешен аз уақыт ішінде өндірістік әлеуетін арттырып, отандық агросектордағы табысты жобалардың көшін бастады.
«Dala Fruit» жобасы жеке инвесторлардың қаржысы және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы қолдаудың нәтижесінде жүзеге асқан. Бұл — мемлекет пен бизнестің тиімді серіктестігінің нақты көрінісі. Қолдаудың арқасында кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, халықаралық тәжірибелерді енгізу арқылы сапалы өнім өндірудің жаңа деңгейіне көтерілді.
Бүгінде кәсіпорынның интенсивті алма бақтары 800 гектардан астам аумақты алып жатыр. Бұл алқаптарда жоғары өнімді, экспорттық әлеуеті зор алма сорттары өсіріледі. Жыл сайын мұнда 8–10 мың тоннаға дейін сапалы алма жиналып, ішкі нарықпен қатар шетелдік сұранысты да қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр.
Алма бақтарының жайқалып өсуі — тек табиғаттың сыйы ғана емес, ғылым мен технологияның жемісі. Кәсіпорында Италия, Германия, Австрия және Түркия елдерінің озық агротехнологиялық тәжірибелері кеңінен енгізілген. Заманауи тамшылатып суару жүйесі, сапалы көшеттер мен нақты агротехникалық талаптардың сақталуы өнім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін еселеп отыр.
Әсіресе, су үнемдеу технологияларының тиімді қолданылуы табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға мүмкіндік беруде. Әрбір көшетке қажетті мөлшерде су мен қоректік заттардың берілуі жеміс сапасына оң әсер етіп, жоғары өнім алудың кепіліне айналған.
Компания өсіретін алма сорттары халықаралық нарық талаптарына толық жауап береді. Олардың қатарында әлемге кеңінен танылған Айдаред, Голден Делишес, Ред Делишес, Гренни Смит және Джонаголд секілді сұранысқа ие сорттар бар. Бұл өнімдердің дәмдік сапасы мен сыртқы келбетінің жоғары болуы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтуде.
«Dala Fruit» кәсіпорны тек жеміс өсірумен ғана шектелмейді. Мұнда толық өндірістік цикл қалыптасқан. Атап айтқанда, кәсіпорында заманауи жеміс сақтау қоймалары мен шырын өндіру желісі іске қосылған. Бұл жүйе өнімді ұзақ мерзім бойы сапасын жоғалтпай сақтауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорындағы шырын өндіру желісі де жоғары технологиялармен жабдықталған. Мұнда табиғи, қоспасыз, тікелей сығылған алма шырындары өндіріледі. Ең бастысы — өнім құрамында жасанды қоспалар мен консерванттар қолданылмайды. Осы арқылы тұтынушыларға сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсынылып келеді.
Табиғи шырын өндірісінің дамуы — салауатты өмір салтын ұстанатын халық сұранысына берілген нақты жауап. Отандық өнімнің сапасы мен табиғилығы тұтынушылар сенімін арттырып, нарықтағы сұранысты көбейтуде.
Бүгінде «Dala Fruit» агроөнеркәсіптік кешені өңір экономикасына да елеулі үлес қосып отыр. Кәсіпорын жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауылдық жерлердегі әлеуметтік ахуалды жақсартуға ықпал етуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы жас мамандар мен кәсіпкерлерге үлгі болуда.
Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан мұндай ірі жобалар аграрлық сектордың әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлкен серпін береді. Жердің қадірін біліп, ғылым мен еңбекті ұштастыра алған кәсіпорындардың табысы — ауыл шаруашылығы саласының болашағы зор екенін айқын көрсетеді.
Қарасу ауылындағы жайқалған алма бақтары бүгінде тек жеміс өсіретін алқап қана емес, еңбек пен ізденістің, жаңашылдық пен табандылықтың символына айналды. Ал «Dala Fruit» кешені — Түркістан төріндегі аграрлық дамудың жаңа келбеті.

