Түркістан қаласында тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету мақсатында дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұндай шаралар халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын нарықтағы бағадан төмен құнмен сатып алуына мүмкіндік беріп қана қоймай, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға да бағытталған.
Кезекті жәрмеңке Түркістан қаласындағы «Қолөнершілер» орталығының аумағында өтті. Оған Сауран, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарынан келген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысып, өздері өндірген табиғи әрі сапалы өнімдерін қала тұрғындарына тікелей ұсынды. Сонымен қатар, Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы 50 тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері жеткізілді.
Жәрмеңкеге келушілерге сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ, қияр, түрлі жеміс-жидектер, өсімдік майы, ұн, жарма өнімдері, қант және күнделікті тұтынуға қажетті басқа да азық-түлік тауарлары ұсынылды. Барлық өнімдер тікелей өндірушілерден жеткізілгендіктен, делдалсыз сатылып, нарықтағы бағамен салыстырғанда 20–30 пайызға дейін төмен бағамен ұсынылды.
Жәрмеңке барысында тұрғындар сапалы әрі балғын өнімдерді тиімді бағамен сатып алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімді бағамен сатылуы көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге және басқа да тұрғындарға едәуір қолдау болды.
Мұндай әлеуметтік бағыттағы жәрмеңкелер азық-түлік бағасын тұрақтандыруға, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге және тұрғындардың азық-түлікке қолжетімділігін арттыруға оң ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін де тиімді сауда алаңына айналып отыр. Өндірушілер өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынып, өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік алады.
Өңірде ауыл шаруашылығын дамыту, жергілікті өнім өндірушілерді қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта ұйымдастырылатын жәрмеңкелер тұрғындардың сұранысына сай тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын мұндай әлеуметтік жәрмеңкелер алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімін кеңінен насихаттауға және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса бермек.

