Түркістан облысы, Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылында қуаттылығы 50 мың бас ірі қараға арналған ауқымды бордақылау кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өңірдің агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ірі инвестициялық жоба жоспар бойынша биылғы желтоқсан айында толық іске қосылады деп күтілуде.
Орталық Азия аумағында теңдесі жоқ бұл мега ферма жалпы көлемі 2900 гектардан астам аумақты алып жатыр. Қазіргі таңда шаруашылықта 30 мыңнан астам ірі қара мал өсірілуде. Мұнда ет бағытындағы қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымдары бағылады. Болашақта кешен толық қуатында жұмыс істеген кезде мал басының саны 50 мыңға дейін жеткізілмек.
Жобаның басты ерекшелігі – әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын аустралиялық технологиялардың енгізілуі. Бордақылау алаңы арнайы «торлы» қоршау әдісімен жабдықталған. Бұл жүйе бойынша бүкіл аумақ бірнеше секторға бөлініп, әр қоршаудағы мал жасы, салмағы және физиологиялық ерекшеліктеріне қарай топтастырылады. Мұндай тәсіл малды тиімді күтіп-бағуға, азықтандыру процесін оңтайландыруға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Заманауи кешенде мал азығын дайындау, сақтау және тарату жұмыстары да жоғары технологиялық деңгейде ұйымдастырылған. Арнайы техника мен автоматтандырылған жүйелердің көмегімен әр топтағы малдың қажеттілігіне сай рацион жасалып, сапалы бордақылау жүргізіледі. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде жоғары сапалы ет өнімдерін өндіруге жағдай жасалады.
Ірі инвестициялық жоба мемлекет қолдауы мен жеке инвесторлардың қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыстың бірінші кезеңінде бордақылау алаңын салуға 2,9 миллиард теңге бағытталды. Ал жобаның екінші кезеңін іске асыру үшін мемлекет тарапынан 5,9 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Қалған қаражат жеке инвестициялар есебінен тартылған.
Жобаның жалпы құны 16,2 миллиард теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш кешеннің өңір экономикасы үшін қаншалықты маңызды екенін айқындайды. Сонымен қатар жаңа өндіріс орны жүздеген тұрақты жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Сарапшылардың пікірінше, Қожатоғай ауылында салынып жатқан бұл мега кешен еліміздің ет өндірісі көлемін арттыруға, экспорттық әлеуетін күшейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоспақ. Заманауи технологиялар мен тиімді басқару жүйесі енгізілген жоба Қазақстанның мал шаруашылығы саласындағы ең ірі әрі болашағы зор бастамалардың бірі ретінде бағалануда.
Желтоқсан айында пайдалануға берілетін кешен толық қуатында іске қосылған соң, Түркістан облысы ғана емес, бүкіл республика бойынша ет өндірісін дамытуға серпін беретін маңызды агроөнеркәсіптік орталыққа айналмақ.
