Түркістан облысының Түлкібас ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды, өндірістік кәсіпорындарды және туристік әлеуеті жоғары нысандарды таныстыру. Пресс-тур барысында журналистер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, олардың аудан экономикасына қосатын үлесін бағамдады.
Алғашқы нысан Жабағылы ауылында салынып жатқан «Қарқын Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасы болды. Қазіргі таңда мұнда заманауи агроөнеркәсіптік кешен мен жоғары технологиялық құс етін өндіру және өңдеу кәсіпорнының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы инвестициялық құны 53,7 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысындағы ең ірі өндіріс орындарының біріне айналмақ.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 48 мың тонна құс етін шығаруға есептелген. Жоба аясында 1000 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосады. Бүгінде құс өсіруге арналған 10 өндірістік корпустың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар қасапхана, әкімшілік ғимарат, жем сақтау қоймалары мен өндірістік қалдықтарды өңдеу цехының құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін ішкі нарықты сапалы құс етімен қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді экспортқа шығару мүмкіндігі де қарастырылуда.
Баспасөз туры аясында журналистер еліміздегі тұңғыш табиғат қорғау мекемесі – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығында болды. Биыл ғасырлық мерейтойын атап өтіп отырған қорық табиғи байлығы мен биоалуантүрлілігі арқылы халықаралық деңгейде танылған ерекше аумақ саналады. Мұнда өсімдіктердің 1737, жануарлардың 2489 түрі тіркелген. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 41 өсімдік пен 45 жануар түрі қорғауға алынған.
БАҚ өкілдері қорық аумағындағы заманауи Визит-орталықтың жұмысымен де танысты. Алғаш рет 1963 жылы құрылған музей 2004 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында толық жаңғыртылып, халықаралық талаптарға сай қайта жабдықталған. Қазіргі таңда Визит-орталық бес тақырыптық экспозициялық залдан тұрады. Мұнда келушілер қорықтың 100 жылдық тарихы, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, ғылыми зерттеу жұмыстары және табиғатты қорғау бағытындағы қызметімен таныса алады.
Пресс-турдың келесі бағыты Иірсу тау шатқалында жүзеге асырылатын туристік инфрақұрылым жобасы болды. Мұнда келешекте өңірдің көрікті табиғатын тамашалауға арналған заманауи көру алаңы салынбақ. Жобаның жалпы құны 542,4 миллион теңгені құрайды. Нысан үшін 1,3 гектар жер телімі белгіленіп, құрылыс алаңының көлемі 371 шаршы метрді құрайды. Болашақ туристік нысан аудан орталығынан 32 шақырым, ал Иірсу ауылынан 7 шақырым жерде орналасады. Жоба Түлкібас ауданының туристік тартымдылығын арттырып, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Баспасөз турының соңғы нысаны Күмісбастау ауылындағы «Beibars Bottlers» ЖШС-нің алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты болды. Кәсіпорын 2025 жылдан бастап халықаралық «RC Cola» брендімен өнім шығара бастады. Қазіргі таңда өндіріс орны тұтынушыларға үш түрлі сусынды төрт түрлі қаптамада ұсынып келеді. Зауыт «Halal» стандарты бойынша сертификатталған және өнім сапасына ерекше мән береді.
Әлемдік нарықта «RC Cola» бренді 18 түрлі алкогольсіз сусынды жеті түрлі қаптамада өндірсе, Түлкібас ауданындағы кәсіпорын өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Кәсіпорында заманауи технологиялар қолданылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы, ұйымдастырылған баспасөз туры Түлкібас ауданында өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм және өңдеу өнеркәсібі бағытында жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың өңір экономикасын дамытудағы маңызын көрсетті. Жаңа инвестициялық бастамалар өндіріс көлемін арттырып, жұмыс орындарын көбейтуге, экспорттық әлеуетті нығайтуға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде.

