RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТАМА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

 

Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев Тама ауыз су жүйесінің құрылыс алаңына арнайы барып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарының қарқынын бақылаған аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты сала мамандарымен кездесіп, жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Тама ауыз су жүйесінің құрылысы – аудан тұрғындарын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жоба толық іске асқаннан кейін елді мекен тұрғындарының өмір сүру сапасы артып, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның әлеуеті едәуір жақсарады деп күтілуде.

Қазіргі таңда нысанда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, диаметрі 560 миллиметр болатын полиэтилен су құбырының 32 шақырымы төселген. Жоба бойынша екі бағыттағы су желісінің жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайды. Бүгінде траншеялар қазылып, құбырларды біріктіру, орнату және қысыммен сынақтан өткізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жүйенің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 55 дана камералы құдық орнатылған.

Нысандағы маңызды жұмыстардың бірі – жерасты су көздерін игеру. Бұл бағытта бұрғылау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 12 ұңғыма 185 метр тереңдікке дейін толық қазылып бітті. Бұдан бөлек, тағы екі ұңғымада жұмыстар жалғасуда. Аталған ұңғымалар 110 метр тереңдікке дейін қазылып, диаметрі 324 миллиметр болатын қаптама құбырлар орнатылған. Қазіргі уақытта қалған бөліктерінде диаметрі 168 миллиметрлік құбырлармен бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жоба аясында 14 ұңғыма қарастырылған.

Сумен жабдықтау жүйесінің маңызды нысандарының бірі саналатын екі бірдей 500 текше метрлік су резервуарының құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда резервуарларда барлық негізгі бетон жұмыстары толық аяқталып, гидрооқшаулау шаралары жүргізілген. Сондай-ақ ішкі әрлеу, жылу оқшаулау, желдету жүйелерін орнату және жабын жұмыстарын жасау толық орындалған. Қазір сыртқы аумақты абаттандыру, топырақпен көму және қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар қала аумағындағы қосымша резервуарлардың құрылысы да аяқталу кезеңіне жеткен. Нысандардың қабырғалары құйылып, ішкі және сыртқы құрылыс жұмыстары орындалған. Қазіргі уақытта дренаж жүйесін орнату, желдету құрылғыларын орналастыру және үстіңгі бөлігін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жоба аясындағы тағы бір маңызды нысан – сорғы станциясы. Бүгінде сорғы станциясының құрылысы толық аяқталуға жақын. Әкімшілік ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар кәріз шұңқыры толық салынып біткен. Қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында бақылау-өткізу бекеті мен қоршау орнату жұмыстары да жалғасып жатыр.

Жауапты мамандардың мәліметінше, скважиналар, сорғы станциясы және резервуарлар арасындағы барлық инженерлік байланыстар толық орнатылған. Бұл жүйенің барлық бөліктерінің өзара үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 28 арнайы техника мен 110 жұмысшы жұмылдырылған. Мамандар жұмысты белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп, жобаны уақытылы аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаев құрылыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болатынын атап өтіп, мердігер мекемеге жұмысты жоғары деңгейде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар нысан пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін табуы тиіс екенін жеткізді.

Жалпы, Тама ауыз су жүйесінің құрылысы аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін халық тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтылып, елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекеттік Рәміздер – Мәңгілік Елдің Мақтанышы

redaktor_rastimes

Құрылыс саласындағы екі халықаралық көрменің ашылуы өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

Пікір жазу