Шардара ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың ауданға жасаған жұмыс сапары аясында ұйымдастырылып, оған аудан әкімдігі өкілдері, ауылдық округ әкімдері, салалық мекемелердің басшылары мен ірі шаруақожалықтардың жетекшілері қатысты.
Мәжілісте ауданның 2026 жылдың алғашқы айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, инфрақұрылым және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жан-жақты қаралды. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бердешов Жұмасұлтан Оразбекұлы ашып, аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан ерекше бақылауға алынғанын атап өтті.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – су үнемдеу технологияларын енгізу болды. Бүгінде климаттық өзгерістер мен су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығы өндірісінде заманауи технологияларды пайдалану аса өзекті. Осыған байланысты Шардара ауданында 2026 жылы 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда жоспарланған көлемнің 7 959,3 гектары игеріліп, жұмыстар аяқталуға жақын қалған.
Аталған бағыттағы жұмыстарды «КазКиоти», «Нөсер», «Жәрдем АС», «Казкрахмал» және «Агротехкредит» компаниялары жүзеге асыруда. Мәжіліс барысында жұмыстардың орындалу сапасы мен мерзімдері сараланып, кейбір мердігер ұйымдардың жұмыс қарқынына қатысты сын-ескертпелер айтылды. Әсіресе «БНК групп» компаниясының жұмыстарды баяу жүргізіп отырғаны атап өтіліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Облыс әкімінің орынбасары барлық жұмыстар белгіленген мерзімде және сапалы аяқталуы тиіс екенін қатаң ескертті.
Көктемгі дала жұмыстары бойынша аудан көлемінде биыл жалпы 58 мың гектар егіс алқабын игеру жоспарланған. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының қатарында мақта, жүгері, күріш және жоңышқа бар. Бүгінде мақта, жүгері және бақша дақылдарын егу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Шаруалар қажетті тұқыммен, жанар-жағармаймен және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етіліп, көктемгі науқан ұйымдасқан түрде жүзеге асырылуда.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. Биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін аудан шаруаларына 2 630 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды жеткізу және оларды тиімді пайдалану бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Мәжілісте шаруаларды қаржылай қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында аудан бойынша 253 шаруашылыққа жалпы көлемі 2,31 млрд теңге болатын жеңілдетілген несие берілген. Бұл қаржы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беруде.
Жиында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі кеңінен талқыланды. Соңғы жылдары су тапшылығының артуына байланысты су көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқартып, су үнемдейтін әрі экономикалық тиімділігі жоғары дақылдарға көшу қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты ауданда күріш егісінің көлемі азайтылып, оның орнына су аз қажет ететін жүгері алқаптары ұлғайтылуда. Бұл шаралар су ресурстарын тиімді пайдаланумен қатар ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар шаруашылықтардың басым бөлігі «Қазсушар» РМК-мен су жеткізу бойынша тиісті келісімшарттар жасап, егіс алқаптарын сумен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.
Су шаруашылығы саласындағы ахуал жөнінде де маңызды мәліметтер айтылды. Бүгінде Шардара су қоймасындағы су көлемі 5 млрд 132 млн текше метрді құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары. Су қоймасына келетін және шығарылатын су көлемі бекітілген режимге сәйкес реттелуде. Ауданға бөлінген су лимиті 964,7 млн текше метрді құрайды. Жауапты мамандар су тапшылығын болдырмау және суару маусымын тұрақты өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
Кездесуде фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғау мақсатында аудан көлемінде 36 800 гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізілген. Мониторинг нәтижесінде анықталған ошақтарда шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары уақытылы ұйымдастырылып, зиянкестердің таралуына жол бермеу бағытында жұмыстар атқарылған.
Мәжілісте инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы да қаралды. Атап айтқанда, Ислам даму банкінің қаржыландыруымен аудан аумағындағы сегіз суару каналына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 6,38 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Жобаны 2027 жылға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Каналдарды қайта жаңғырту нәтижесінде су жеткізу тиімділігі артып, қосымша 910 гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып, жергілікті шаруалардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары су ресурстарын үнемді пайдалану, егіс құрылымын әртараптандыру, заманауи агротехнологияларды енгізу және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жүктелді.
Жалпы, Шардара ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, су ресурстарын тиімді басқару және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл шаралар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және аудан экономикасының тұрақты дамуына өз үлесін қоспақ.

