Түркістан Орталық Азияның гүл хабына айналуы мүмкін. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Қытайдың гүл өсіру саласындағы жетекші өңірі саналатын Юньнань провинциясында Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Лю Цзюньфэнмен кездесті. Кездесу барысында гүл шаруашылығы, логистика, инвестиция және экспорт бағыттарындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
– «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Екі ел арасындағы шекаралық және көлік-логистикалық қолайлылық гүл өнімдерін жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Түркістанда гүл көшеттерін өсіріп, заманауи жылыжай кешендерін дамытып, өңделген өнімдерді Қазақстан нарығына ғана емес, Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға толық мүмкіндік бар. Бұл – үлкен нарық әрі зор экономикалық мүмкіндік. Түркістан гүл индустриясының Орталық Азиядағы жаңа орталығына айнала алады. Егер логистикалық хаб пен өндірістік алаңдар Түркістан өңірінде құрылса, біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалады. Біз нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асырып, гүл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге шақырамыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
– Гүл сатып алу – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейінің көрсеткіші. Бұл бағыттағы бизнесті өңірімізде одан әрі дамытуға зор мүмкіндік бар. Зерттеулерге сүйенсек, елімізде гүл саудасы ең қарқынды дамыған өңірлердің бірі – Түркістан облысы. Бүгін танысқан гүл кешеніндегі өндіріс пен ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жолға қойылғанына көз жеткіздік. Сонымен қатар біздің өңірдің де бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін байқадық. Облыс әкімінің гүл шаруашылығын дамытуға бағытталған орталық хаб құру жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Шаруалар өндіріс пен өсіру жұмыстарына алаңсыз көңіл бөлуі тиіс. Ал өнімді өткізу, логистика және экспорт мәселелерін бір орталықтан үйлестіретін хабтың құрылуы сала кәсіпкерлері үшін үлкен қолдау болып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Тұрсын Тасқожаев.

