Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы БРИКС өзара тиімді ынтымақтастыққа ниетті көптеген елдің назарын аударатын халықаралық ауқымдағы жаһандық орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті.
– БРИКС даму тұрғысынан мол әлеуетке ие және түрлі құрлықтағы мемлекеттерді біріктіреді. Сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтып, ортақ ресурстарды барлық қатысушының игілігіне тиімді пайдаланады. Өзара құрмет пен серіктестік, бірлесе өркендеу қағидаттарына негізделген келешектің іргесін қалауға БРИКС-тің тәжірибесі де, мүмкіндігі де жетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, БРИКС-тің көпжақты күш-жігері әлемде әлі де баламасы жоқ әмбебап құрылым саналатын БҰҰ қызметін толықтыра түседі.
– БҰҰ Жарғысындағы дипломатия мен диалог қағидаттары БРИКС-тің негізгі күн тәртібіне айналды. Ол қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр. Біз Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресейдің тұжырымдамасын жоғары бағалаймыз. Оның түп негізінде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси қысымды төмендету ниеті жатыр. Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды. Сондай-ақ еліміз Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды, – деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді.
– Біздің ойымызша, қақтығыстың кедейшілік, теңсіздік пен білімсіздік сияқты түп себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ықпалдастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді қуаттайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, БРИКС жаһандық басқару құрылымында орта державалар мен дамушы экономикалардың үлесін арттырып, бұл үдерісте негізгі рөл атқара алады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қазақстанның БРИКС-ке мүше елдермен сауда-саттық айналымы қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш былтыр еліміздің сыртқы сауда көлемінің жартысына жетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сауда және инвестиция, ІТ-технология, аса маңызды минералдар, азық-түлік қауіпсіздігі, білім және туризм салалары өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттары саналады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде көлік-транзит саласындағы, ең алдымен, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бастамалары аясындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселесіне баса мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ су тапшылығы, ауа температурасының күрт көтерілуі және шөлейттену секілді климат өзгерістерінің салдарын еңсеру үшін «БРИКС плюс» аясында сенімді серіктестік қатынастар қалыптастыру қажет екенін атап өтті.
Президент сөзін қорытындылай келе, «БРИКС плюс» форматындағы бірлескен әрекеттер Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы өзара байланысты едәуір нығайтып, мемлекеттер дамуындағы алшақтықты жоюға, халықаралық қауіпсіздікті айтарлықтай күшейтуге және жаһандық прогресс үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.
Саммитке 36 елдің өкілдері және 6 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты, сондай-ақ жоғары деңгейдегі 20-ға жуық делегация келген.
Дереккөз: akorda.kz