RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Агроөнеркәсіптік кластерлер мен мал шаруашылығының жаңа мүмкіндіктері

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде мақта-тоқыма кластерін құру жобасының маңызы ерекше. Бұл бастама мақта өнімін тек шикізат күйінде экспорттауға тәуелділікті азайтып, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Осы бағытта жалпы құны 201 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобалар толық іске қосылған кезде жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Бүгінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» жобасы аясында 11 зауыттың құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда оның бесеуі пайдалануға берілді. Олардың қатарында екі мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспаларын шығаратын кәсіпорын, ПВХ құбырларын өндіретін зауыт және жіп иіру фабрикасы бар. Сонымен бірге жаңа технологиялар негізінде 52 мың гектар жерге мақта егілді. Жобаның арқасында 1200 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жүгері кластерін дамыту бағытында да маңызды қадамдар жасалды. Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін заманауи зауыттың құрылысы аяқталды. Бұл кәсіпорында крахмал, тағамдық глюкоза, сірне, жүгері майы және құрама жем секілді жиырмадан астам өнім түрі шығарылады. Болашақта өнімдер ішкі нарықпен қатар Азия және Еуропа елдеріне экспортталатын болады.

Мал шаруашылығы бойынша Түркістан облысы республикадағы жетекші өңірлердің бірі болып отыр. Бүгінде еліміздегі ұсақ малдың 20 пайызы, ірі қара малдың 13 пайызы, түйенің 14 пайызы, жылқының 10 пайызы және құс басының 5 пайызы осы өңірде шоғырл

анған. Сонымен қатар Қазақстаннан экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі.

Биылғы жылдың алғашқы бес айында ғана облыстан 4,2 мың тонна ірі қара мал еті мен 9,4 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді. Бұл көрсеткіштер өңірдің экспорттық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Ет өндірісін дамыту мақсатында қазіргі таңда сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар толық іске қосылған кезде жыл сайын 18 мың тонна ет және 90 мың тонна өңделген ет өнімдері өндірілмек. Бұл ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасының да рөлі зор. Бағдарлама аясында 2023–2025 жылдары республикалық бюджеттен 30,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биыл жеті бағыт бойынша 1115 жобаға 15,3 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Бұл қаражат ауыл кәсіпкерлерінің жаңа жобаларды іске асыруына және шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысы соңғы сегіз жылда ауыл шаруашылығы саласында үлкен серпіліс жасап, республикадағы жетекші аграрлық өңірге айналды. Өндіріс көлемінің артуы, инвестициялардың көбеюі, жаңа технологиялардың енгізілуі және өңдеу өнеркәсібінің дамуы облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай күшейтті. Алдағы жылдары жүзеге асырылатын жаңа жобалар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

ТАУ ТУРИЗМІН ДАМЫТУ – ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚ АЯСЫНДА

redaktor_rastimes

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 500 МЫҢНАН АСТАМ АҒАШ ЕГІЛДІ

redaktor_rastimes

Түркістанда «Жайлы мектеп» жобасы қарқын алуда: директорлармен өзекті мәселелер талқыланды

redaktor_rastimes

Пікір жазу