RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ АЙДАРБЕК САПАРОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ІРІ КЛАСТЕРЛІК ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Сапар барысында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, мақта-тоқыма және ет кластерлерін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі басты назарға алынды.

Министр жұмыс сапарын Сауран ауданындағы «Датқа» шаруа қожалығынан бастады. Мұнда отандық селекция негізінде өсіріліп жатқан мақта сорттарының егістік алқаптарын аралап, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тамшылатып суару жүйесінің қолданылуымен танысты. Сонымен қатар жоғары өнімді мақта сорттарын өндіріске енгізу, ғылыми жетістіктерді пайдалану және өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар талқыланды. Кездесу барысында шаруалар өзекті мәселелерін ортаға салып, министр мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселесіне тоқталды.

Жұмыс сапары барысында министр Отырар ауданында жүзеге асырылып жатқан еліміздегі алғашқы толық циклді «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысты. Бұл жоба еліміздің мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Кешеннің басты ерекшелігі – мақта шикізатын сыртқы нарыққа экспорттаумен шектелмей, оны еліміздің өзінде толық өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіру.

Жобада мақта өсіруден бастап дайын тігін өнімдерін шығаруға дейінгі өндірістің толық тізбегі қалыптастырылған. Егістік алқаптарында су үнемдеу технологиялары енгізіліп, алғашқы өңдеу кезеңінде шитті мақта заманауи зауыттарда талшыққа айналдырылады. Кейін мақта талшығынан жоғары сапалы жіп иіріліп, мата тоқылып, бояу жұмыстары жүргізіледі. Соңғы кезеңде дайын киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, сүлгілер және өзге де тоқыма өнімдері шығарылады. Мұндай өндірістік модель импортқа тәуелділікті азайтып, экспортқа бағытталған дайын өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Сапар барысында мал шаруашылығы саласындағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына да ерекше көңіл бөлінді. Айдарбек Сапаров Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» ЖШС-нің заманауи ірі қара мал бордақылау кешенінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын малды өнеркәсіптік тәсілмен бордақылап, ет өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Кешенде мал азығын тиімді пайдалану, ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау және өндірістік процестерді цифрландыруға басымдық берілген.

Министр аталған бағыттағы мемлекеттік қолдау шараларының маңыздылығына тоқталып, бордақылау алаңдарын дамыту үшін субсидия беру, жем-шөп қорын нығайту мақсатында суармалы жер көлемін ұлғайту және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Сайрам ауданында орналасқан «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің заманауи ет өңдеу комбинатының өндірістік қызметі зерделенді. Жылына 30 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өңдеуге қауқарлы кәсіпорын өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Комбинат бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын халықаралық талаптарға сай жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылып, өндірістің барлық кезеңінде сапа мен қауіпсіздік стандарттары қатаң сақталады.

Жұмыс сапарының қорытындысында Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті күшейтуге және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеруге зор мүмкіндік беретіні атап өтілді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан кешенді қолдау шаралары ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Экспорт көлемі 47 пайызға артқан

Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлері сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту шараларын талқылады

redaktor_rastimes

КӨКПАРДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу