RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ЖЕТІСАЙДА ЕРТЕ ПІСКЕН ҚАУЫН ӨНІМДЕРІ РЕСЕЙ НАРЫҒЫНА ЭКСПОРТТАЛУДА

Жетісай ауданы – Түркістан облысындағы бақша шаруашылығы қарқынды дамыған негізгі өңірлердің бірі. Құнарлы топырағы мен қолайлы климатының арқасында мұнда жыл сайын мол өнім жиналып, еліміздің ішкі нарығымен қатар шетелдік нарыққа да сапалы ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтіліп келеді. Биыл да жетісайлық диқандар ерте піскен қауын өнімдерін Ресей Федерациясына экспорттауды бастады.

Аудандағы 79,2 мың гектар суармалы жердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы дақылдарымен қамтылған. Атап айтқанда, 44 мың гектарға мақта шиті себілсе, 17,1 мың гектар алқапқа бақша дақылдары орналастырылған. Сонымен қатар 7,5 мың гектарға дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс, ал 6,4 мың гектарға жоңышқа егілген. Бұл көрсеткіштер ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екенін және ауыл шаруашылығы өндірісінің әртараптандырылғанын көрсетеді.

Бүгінде Жетісай жерінде егілген қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп, нарыққа шығарылуда. Әсіресе ерте піскен өнімдерге сұраныс жоғары болып отыр. Солардың бірі – бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан Әл-Фараби Күзенбаев басқаратын «Әл-Фараби» шаруа қожалығы.

Шаруашылық иелігінде 300 гектар жер бар. Оның 260 гектарына мақта дақылы егілсе, 40 гектар алқапқа қауын көшеттері отырғызылған. Қожалық биыл да дәстүрлі түрде өнімін ерте нарыққа шығарып, экспорттық бағытта жұмыс істеуде. Ерте көктемде егілген «Нұр-Бакинка» сорты жоғары сапасымен ерекшеленіп, тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болуда.

Шаруашылық төрағасының айтуынша, қауын көшеттері ақпан айының соңында отырғызылғанымен, ауа райының құбылмалы болуы салдарынан пісу мерзімі жоспардағы 65 күннің орнына 80 күнге созылған. Дегенмен бұл өнім сапасына кері әсер етпей, керісінше нарықтағы сұранысты арттыра түскен.

Бүгінде алғашқы өнімдер Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспортталуда. Шаруашылық өнімді делдалсыз, тікелей егістік басынан келісін 650 теңгеден сатып, тиімді баға қалыптастырып отыр. Бұл диқан еңбегінің тікелей нәтижесін көруге мүмкіндік беріп, шаруалардың табысын арттыруға жол ашуда.

«Аудан әкімдігі тарапынан ағын су каналдарының уақытылы тазалануының нәтижесінде су тапшылығы сезілмеді. Соның арқасында өнім сапалы өсіп, алғашқы өнімдерімізді еш кедергісіз Ресей нарығына шығарып отырмыз», – дейді шаруашылық төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.

Жетісай ауданында бақша шаруашылығы жылдан-жылға дамып келеді. Биылғы маусымда 17,1 мың гектар бақша дақылы егілсе, оның 14,2 мың гектары қауын, 3 мың гектары қарбыз дақылына тиесілі. Бұл бағыттағы тұрақты даму ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы көшбасшылық орнын айқындай түседі.

Өткен жылы да Жетісай диқандары мол өнім жинап, жалпы 510 мың тонна бақша өнімін алған болатын. Оның басым бөлігі қауын мен қарбызға тиесілі болды. Бұл көрсеткіш ауданның экспорттық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы нарыққа шығуына кең мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде Жетісайдың ерте піскен қауындары шетелдік нарықта сұранысқа ие болып, өңірдің брендіне айналып келеді. Диқан еңбегі мен табиғи қолайлы жағдайдың үйлесімі нәтижесінде аудан ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму жолына түскен.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1000-ҒА ЖУЫҚ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

redaktor_rastimes

Таулы өңірде тігін фабрикасы мен жаңа өндіріс ошақтары ашылады

redaktor_rastimes

ҚАЗЫҒҰРТТА АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА БИЛЬЯРДТАН ЖАРЫС ӨТТІ

redaktor_rastimes

Пікір жазу