RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ ЕЛ НАРЫҒЫН КӨКӨНІСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

Түркістан облысы – Қазақстандағы жылыжай шаруашылығы ең қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Табиғи-климаттық қолайлылық пен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мұнда көкөніс өндірісі тұрақты дамып, ішкі нарықты жыл бойы сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік қалыптасқан. Бүгінде өңір еліміздегі жылыжай өндірісінің жетекші орталығы саналып, ауыл шаруашылығы саласының маңызды драйверіне айналып отыр.

Қазіргі таңда республикадағы жылыжайлардың 72 пайызы Түркістан облысының аумағында шоғырланған. Өңірде жалпы аумағы 1 006,7 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде 62,5 гектар аумақты қамтитын 17 өнеркәсіптік үлгідегі ірі жылыжай және 944,2 гектарды құрайтын 3 503 фермерлік жылыжай бар. Бұл көрсеткіштер Түркістан өңірінің жылыжай өндірісіндегі стратегиялық маңызын айқын көрсетеді.

Жылыжай шаруашылықтарының жүйелі дамуының нәтижесінде былтыр өңірде 113 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді. Бұл өнімдер тек Түркістан облысының ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінің де сұранысын қамтамасыз етуге бағытталды. Соның нәтижесінде маусымаралық кезеңде республика халқының көкөніске деген қажеттілігінің 45 пайызы Түркістан облысының өнімдері арқылы өтеліп отыр.

Бұл – өңір диқандарының тынымсыз еңбегі мен заманауи технологияларды тиімді пайдалану нәтижесі. Жылыжайлар жыл он екі ай бойы өнім өндіруге мүмкіндік беріп, ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқаруда.

Салаға мемлекет тарапынан да тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. 2023 жылдан бастап жылыжайларда пайдаланылатын электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау тетігі іске қосылған. Бұл шара өндіріс шығындарын азайтып, шаруалардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр.

Атап айтқанда, өнеркәсіптік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 млн теңге, ал фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 8,1 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын қолдау, инвестициялық субсидиялау және жеңілдетілген несиелендіру сияқты кешенді мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда.

Мұндай қолдау жүйесі жылыжай шаруашылығын дамытуға тың серпін беріп, өңірдегі өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік жасауда. Заманауи технологиялар мен мемлекеттік бағдарламалардың үйлесімі нәтижесінде Түркістан облысы жыл бойы көкөніс өндіретін тұрақты агроөнеркәсіптік орталыққа айналып отыр.

Алдағы уақытта жылыжай алқаптарын кеңейту және өндіріс тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады. Түркістандық жылыжайлар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық рөл атқарып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Солтүстік таситын суға тойтарыс беруге дайын ба?

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАНДА КОРЕЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛАДЫ

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы А.Касымалиевті қабылдады

redaktor_rastimes

Пікір жазу