RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

САЙРАМ АУДАНЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ КЕҢІНЕН ЕНГІЗІЛІП, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАҢА СЕРПІН АЛУДА

Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, суармалы егістік алқаптары мол аудан үшін су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында нақты жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Биыл аудан бойынша жалпы 1107 гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Бұл бастама ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырумен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ауылдық округтерден 129 агроқұрылым бойынша жалпы 948,71 гектар алқапқа нақты жоспар жинақталған. Оның ішінде 636 гектарға тамшылатып суғару жүйесін енгізу, ал 312 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын қолдану көзделіп отыр.

Су үнемдеу бағытындағы жұмыстар тек жоспармен шектелмей, нақты іске асып жатыр. Мәселен, Ақбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Ат баптау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 92,5 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесін енгізу мақсатында қаржы ұйымымен келісімшарт жасасып, қажетті құрал-жабдықтарды орнату жұмыстарын бастап кеткен. Бұл – аудан шаруаларының заманауи технологияларға бет бұрғанының айқын көрінісі.

Су үнемдеу технологияларының тиімділігі ауыл шаруашылығы саласында бірнеше бағытта байқалады. Ең алдымен, ағын суды дақылдың қажеттілігіне қарай дәлме-дәл мөлшерде және уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың тиімділігін арттырып, топыраққа қажетті қоректік заттардың сіңуін жақсартады. Бұл өз кезегінде бір алқаптан жылына 2–3 рет өнім алуға жағдай жасап, шаруалардың табысын еселеуге ықпал етеді.

Аталған технологиялар топырақтың құнарлылығын сақтап, эрозияның алдын алуда да маңызды рөл атқарады. Су ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы жердің тозуы азайып, ұзақ мерзімді аграрлық тұрақтылық қалыптасады. Бұл – тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан кең көлемде қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелер беру тетігі қарастырылған. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау мүмкіндігі бар. Бұл шаралар шаруалардың қаржылық жүктемесін азайтып, заманауи технологияларды кеңінен қолдануға жол ашып отыр.

Жалпы алғанда, Сайрам ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай жобалар аудан экономикасының тұрақты дамуына және шаруалардың әл-ауқатының артуына берік негіз болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Саурандық делегация Түркияда өндірістік әріптестікке жол ашты

Шымкентте қылмыстық топтар ұсталды

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫНА 450 ТОННА БАЛЫҚ ӨСІРЕТІН ІРІ КӘСІПОРЫН ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

redaktor_rastimes

Пікір жазу