Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы әрі түркі халықтарына ортақ қасиетті мекен саналатын Түркістан қаласына сапармен келгені үшін ризашылығын білдірді.
– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовті Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Оның айтуынша, БҰҰ қолдаған бұл бастама Түрікменстанның халықаралық деңгейдегі беделі мен жауапкершілігін көрсетеді.
Халк Маслахатының Төрағасы Мемлекет басшысына киелі Түркістанда көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс айтып, Қазақстанды Түрікменстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде атап өтті.
– Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы зор. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша стратегиялық серіктестікті тереңдету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жаңа мүмкіндіктерді қарастыру қажеттігі атап өтілді.