Түркістан өңірі – ежелден еңбек пен берекенің мекені. Құнарлы топырағы мен күн шуағына бай өлкеде көктемгі дала жұмыстары – жыл сайынғы науқан ғана емес, мыңдаған шаруаның үміті мен тіршілігінің өзегі саналады. Биыл да облыс диқандары көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен жүргізіп, жер-ананың ырысын арттыру жолында аянбай еңбек етуде.
Қазіргі таңда Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымы жоспарға сәйкес тұрақты жалғасып келеді. Өңірдегі шаруалар уақытпен санаспай еңбек етіп, егістік алқаптарына түрлі дақылдарды орналастыру жұмыстарын толыққанды жүргізуде. Бүгінде жаздық дақылдар 316 мың гектар алқапқа егілген. Оның ішінде 72 мың гектар жерге дәнді дақылдар себілсе, дәл осындай көлемдегі алқапқа майлы дақылдар орналастырылған. Сонымен қатар 51 мың гектарға жоңышқа, 31 мың гектарға көкөніс, 38 мың гектарға бақша дақылдары егілген. Ал өңірдің негізгі экспорттық өнімдерінің бірі саналатын мақта дақылының көлемі 52 мың гектарға жетіп отыр.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуетінің жоғары екенін және аграрлық сектордың өңір экономикасындағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындай түседі. Көктемгі еңбектің алғашқы нәтижелері де көріне бастады. Бүгіннің өзінде ерте пісетін қырыққабаттан 2,2 мың тонна өнім жиналып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алған.
Өңірдегі көктемгі дала жұмыстары мен вегетациялық кезеңнің барысы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте жан-жақты талқыланды. Басқосуда саладағы өзекті мәселелер көтеріліп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі сараланды. Мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, шаруаларды мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Бүгінде диқандар үшін аса маңызды саналатын жеңілдетілген жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар шаруалардың өтінімдеріне сәйкес уақытылы жеткізілуде. Бұл өз кезегінде көктемгі жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан «Кең Дала» бағдарламасының тиімділігі де жоғары. Бағдарлама аясында бүгінге дейін 1196 жоба қаржыландырылып, жүздеген шаруа қожалықтарының жұмысын дамытуға нақты жағдай жасалған.
Соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен су ресурстарының тапшылығы аграрлық салаға жаңа талаптар қоюда. Осыған байланысты Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне ерекше басымдық беріліп отыр. Қазіргі таңда өңірдегі 34 мың гектардан астам алқапта тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері сияқты заманауи технологиялар қолданылуда. Бұл әдістер су шығынын азайтып қана қоймай, өнімділікті арттыруға және жердің құнарлылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Су үнемдеу бағытындағы жұмыстарды жандандыру үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтарды қолжетімді ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта су үнемдеу жабдықтарын өндіруші кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, шаруаларға қажетті техникаларды лизинг арқылы ұсыну тетігі енгізілуде. Бұл бастама жаңа технологияларды кеңінен қолдануға жол ашып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға ықпал етпек.
Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков су қоймаларындағы жағдайға ерекше тоқталып, жауапты мекемелерге су ресурстарын белгіленген лимитке сәйкес қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ ағын суды бөлу кезінде әділдік пен тиімділік қағидаттарын сақтау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, суару кезектілігі шаруалармен келісім негізінде ұйымдастырылып, әрбір дақылдың ерекшелігі мен қажеттілігі ескерілуі тиіс.
Бүгінде Түркістан облысында вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтуде. Егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету, шаруаларды қолдау және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде мол өнім алуға, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына және өңір экономикасының нығаюына берік негіз қалайды.
Еңбек пен берекені қатар ұлықтаған Түркістан диқандары биылғы маусымнан да мол өнім күтеді. Ал мемлекеттік қолдау мен тиімді ұйымдастырылған жұмыстар бұл үміттің ақталуына толық мүмкіндік беріп отыр.

