Төлеби ауданында ел рухын асқақтатқан, отансүйгіштік пен ұлттық бірегейлікті дәріптеген тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын – төл Тәуелсіздігіміздің киелі белгілеріне деген құрметті арттырып, жас ұрпақтың жүрегіне патриоттық рух сіңіруді мақсат етті. Шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудан прокуроры Дастан Мырзағали, полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев, мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы, зиялы қауым өкілдері, ел ардагерлері мен жалынды жастар қатысты. Барша қатысушылар Мемлекеттік Тудың көк аспанға көтеріліп, Әнұранның шарықтай шырқалуын ерекше тебіреніспен қабылдады.
Жиналған жұрт Мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі маңызын ерекше ықыласпен атап өтіп, бұл құндылықтардың әрбір азамат үшін қасиетті ұғым екенін тағы бір мәрте түйсінді. Төлеби ауданының тәртіп сақшылары да бұл жиынға үлкен дайындықпен қатысып, халық алдындағы азаматтық және қызметтік парыздарын лайықты деңгейде көрсетті. Олар рәміздерге деген шынайы құрметтің үлгісін танытып, Отан алдындағы адалдық пен жауапкершілікті іспен дәлелдеді.
Бұл рухани шара – рәміздердің мәні мен маңызын терең түсінуге бағытталған жарқын бастама болды. Елдігіміздің белгісіне айналған Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың жүрегіндегі мәңгілік бойтұмар. Ал осындай мазмұнды кездесулер арқылы олар жас ұрпақтың жадында нық орнығып, ұлттық сана мен рухты нығайта түсетіні анық.