Түркістан өңірінде тағы бір білім жылы қорытындыланып, мыңдаған жас түлек алтын ұя — мектебімен қоштасты. 2024–2025 оқу жылында Түркістан облысы бойынша жалпы саны 81 мыңнан астам шәкірт мектеппен мәңгілік қош айтысты. Солардың әрқайсысы — ел болашағының жарқын үміті, тәуелсіздік тірегі.
Мектеп бітірушілердің ішінен 33 813 оқушы 11-сыныпты аяқтап, мемлекеттік үлгідегі аттестат алды. Олардың ішінде 2 272 озат шәкірт «Алтын белгі» төсбелгісін тағынса, тағы 2 400 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Бұл — қажырлы еңбектің, үздіксіз ізденістің, ұстаздар мен ата-аналар қамқорлығының айқын жемісі.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде де Түркістан жастары белсенділік танытып, 27 386 түлек өз білімін сынады. Бұл – болашағына бей-жай қарамай, арманына нақты қадам жасаған өрендердің үлкен легі.
Сондай-ақ, биыл 9-сыныпты 47 397 оқушы аяқтап, оларға да салтанатты түрде аттестаттар табысталды. Оның ішінде 5 293 шәкірт «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл көрсеткіш — өңірдегі білім сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанын дәлелдейді.
Мектеп қабырғасынан қанат қаққан әр жас – тек бір отбасына ғана емес, тұтас елге үміт сыйлаған тұлға. Олар – біліммен қаруланған, ұлттық құндылықты бойына сіңірген, отансүйгіш ұрпақтың өкілі. Түркістан облысы білім саласындағы осындай жетістіктерімен елге үлгі бола білуде.
Алтын таңмен таласа ер жеткен шәкірттер – армандарын арқалап, жаңа өмір белесіне қадам басқан бүгінгі тұлғалар. Олармен бірге алда тың биіктер, білім бәйгесі, жеңіс пен жаңалықтар тұр. Енді осы асқақ арман жолында табандылық пен тазалық, еңбек пен елжандылық қажет.
Түркістан облысының барша түлегіне жарқын болашақ, сәттілік пен серпінді жол тілей отырып, әрбір аттестат иесі – тәуелсіз елдің тұғырына айналар тұлға боларына сенім білдіреміз.