RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Жетісай – жаңа өндірістік тыныс пен ауылдық өрлеудің ордасы

Жетісай ауданында кәсіпкерлікке кең өріс ашылып, ауылдық өңір экономикасы тың серпінмен дамып келеді. Соның бір жарқын дәлелі – Асықата кентінде 59 гектар аумақта бой көтеріп жатқан «Жетісай» индустриалды аймағы. Индустриялық аймақты инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған жобалау-сметалық құжаттар әзірлену үстінде. Ағымдағы жылы бұл аумақта жалпы құны 33 миллиард теңгеге тең келетін 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда 1870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл туралы Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте кеңінен баяндап берді. Өңір басшысының айтуынша, индустриалды аймақ ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқарады. Қазіргі таңда 4 жоба мақұлданып, инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Солардың қатарында «TST Zhetysai Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта өңдеу зауыты мен жіп иіру фабрикасының құрылысы бар. Бұдан бөлек, «Агро Сүт» сүт өңдеу кәсіпорны, «Бирлик – Е» мақта өңдеу зауыты, сондай-ақ «Altyn Kun Group» полиэтилен қалдықтарын өңдеу және су үнемдеу жабдықтарын шығаратын өндіріс орындары салынуда. Өткен 2024 жылы аудан көлемінде 4,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, сегіз ірі жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір экономикасына тың серпін берілген. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасып, өндірістік белсенділіктің арта түсуіне жол ашылып отыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 27,4 миллиард теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 190,1 миллиард теңгеге дейін жеткізу көзделуде. Былтырғы жыл қорытындысында жалпы өнім көлемі 184,1 миллиард теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 10 миллиард теңгеге артық орындалған. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласы бойынша да өсім байқалуда. 2024 жылдың өзінде өнеркәсіп өнім көлемі 18,4 миллиард теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,6 миллиард теңгеге артық көрсеткішке қол жеткізілген. Биыл бұл көлемді 21,2 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда І тоқсанның өзінде бұл салада 4,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Инвестиция тарту қарқыны да жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2023 жылы аудан экономикасына 43,7 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,4 миллиард теңгеге жоғары. Ал 2025 жылға белгіленген межелер де биік: өндіріс, инфрақұрылым, кәсіпкерлік – бәрі бір арнаға тоғысып, ауданның экономикасын тұтастай жаңғыртпақ. Жетісайдың басты тірегі – ауыл шаруашылығы. Агроөнеркәсіптік кешен бағытында 10 мыңға жуық шаруа қожалығы табысты еңбек етіп келеді. Биыл 79,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 1,2 мың гектар алқапқа ерте пісетін қырыққабат дақылы отырғызылып, 40 мың тоннадан астам өнім алынған. Қазіргі уақытта диқандар қауын-қарбыз жиын-терімін бастап кеткен. Бұл өнімдер Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдеріне, сондай-ақ еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен басқа өңірлеріне экспортталуда. Өнім көлемін арттыру мақсатында 321 шаруа қожалығы 1,2 мың гектар алқаптан жылына екі рет өнім алу жобасын жүзеге асыруда. Ауданның инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылы 15 елді мекенде 15 жоба іске асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 2,5 миллиард теңге бөлініп, қаржы газдандыру, жол жөндеу, мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу сынды маңызды бағыттарға жұмсалуда. Нәтижесінде аудандағы табиғи газбен қамту көрсеткіші 81,9 пайызға жетіп, жыл соңына дейін 86,6 пайызға дейін артпақ. Ал ауызсу мәселесіне келсек, бұл бағытта ауданда айтарлықтай жетістіктер бар. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының ауызсумен қамтылуы 100 пайызды құрайды. Бұл – бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың жемісі.

Ұқсас жаңалықтар

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары «China Gezhouba Group» басшылығымен кездесті

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ШЫНЫ ӨҢДЕЙТІН ЖАҢА КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ

redaktor_rastimes

ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ШАРАЛАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ БОЙЫНША ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

redaktor_rastimes

Пікір жазу