Түркістан өңірінің экономикалық әлеуетін таныстырып, халықаралық әріптестікті нығайту мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен аттанды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – өңірге шетелдік инвестиция тарту, сауда-экономикалық байланысты кеңейту және өндірістік ынтымақтастықты дамыту. Сапар аясында делегация қытайлық ірі компаниялардың басшыларымен бірқатар маңызды екіжақты кездесулер өткізіп, аймақ үшін тиімді деп танылған жобалар бойынша келіссөздер жүргізіп, бірқатар меморандумдарға қол қоймақ.
Сапардың алғашқы күнінде делегация Қытай елінің жүрегі — Бейжің қаласында бірқатар стратегиялық маңызы зор кездесулер өткізді. Түркістан мен Қытай арасындағы серіктестіктің жаңа парағын ашатын бұл кездесулер энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу сынды түрлі салалардағы ірі инвестициялық жобалардың болашағын айқындады. Түркістан облысында бірқатар жобалар іске қосылып үлгерген компаниялармен де келіссөздер жүргізіліп, олардың аясын кеңейту мәселесі талқыланды.
Облыс басшысы бастаған делегация Қытайдың ірі сауда, инвестициялық және логистикалық компанияларының басшыларымен де арнайы кездесті. Бұл кездесулерде өңірдегі өндірістік әлеует, жаңа технологияларды игеру, бірлескен кәсіпорындар ашу және тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты қаралды. Әсіресе, мал шаруашылығы саласында қалдықсыз өндіріске қатысты жоба кеңінен сөз болды. Бұл жобада мал терісі, сүйегі, мүйізі мен ішек-қарыны терең өңдеуге түсіп, жарамды өнімге айналуы көзделген. Экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді бұл бастама жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып, алдағы уақытта өңірлік өндіріс көкжиегін кеңейтуге сеп болмақ.
Сонымен қатар, Түркістан облысының делегациясы Қытайдағы тәулігіне 100 тонна қоқыс қалдықтарын өңдей алатын жетекші компаниялардың бірімен келіссөз жүргізді. Бұл компания 200-ден астам толық циклды зауыт салып, қалдықтарды энергияға айналдыратын озық технологиялар арқылы экологиялық өндірісті дамытып отырған әлемдегі ең ірі кешендердің бірі. Нұралхан Көшеров бұл кездесуде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесін қозғап, табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол бірлескен кәсіпорын құрып, Қазақстанда экологиялық индустриялық парк қалыптастыруға шақырды.
Сапар барысында ауыл шаруашылығы саласына да айрықша мән берілді. Түркістан облысында қызылшие (черешня) өсіру мен жемісті қайта өңдеуге бағытталған агропарк құру мәселесі де талқыланды. Қытайлық инвесторлар шие өсіру, оны өңдеу және бүкіл өндірістік тізбекті басқарудың заманауи технологияларымен таныстырып, бұл жобаны Түркістан топырағында жүзеге асыруға ниетті екендіктерін білдірді. Облыста бүгінде 100 гектардан астам жерге қызылшие ағаштары отырғызылып, өткен жылы 1,5 тонна өнім жиналды. Бұл салада қарқынды даму байқалып, жеміс ағаштарына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуде.
Сапар аясында мақта өсіру, иіру және тоқыма өндірісін дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сауран ауданында қолға алынған жаңа жобалар тамшылатып суару әдісі арқылы жүзеге асырылып, су үнемдеу мен өнімділік тұрғысынан жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Мұндай әдіс мақта талшығының сапасын арттырып, оны әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті етеді. Шетелдік тәжірибе негізінде енгізілген жаңа технологиялар арқылы мақта шаруашылығындағы тәуелділікті жойып, толыққанды мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру көзделуде.
Аймақ басшысы кездесулер барысында әкімдік тарапынан шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айта келіп, өзара тиімді байланыстар орнатудың маңыздылығын баса айтты. Қытай тарапы да бірлескен жобаларға қызығушылық танытып, әріптестікті нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
— Екі ел арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық пен әріптестіктің терең тамыры бар. Ұлы Жібек жолы бойындағы қарым-қатынас бүгінгі күнде жаңаша сипат алып, жаңа белеске көтерілуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған сыртқы саясаты еліміздің халықаралық байланыстарын нығайтуға бағытталып, оның ішінде өңірлік әріптестіктерге де ерекше көңіл бөлінуде. Түркістан өңірі тоғыз жолдың торабында орналасқан маңызды стратегиялық аймақ ретінде логистикалық орталыққа айналуға толық мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, өңірімізге инвестиция тартуға ниет білдірген барлық компанияларға алғысымды білдіремін. Түркістан облысы әрбір адал ниетті кәсіпкерге ашық және сенімді әріптес болуға дайын, – деді Нұралхан Көшеров кездесулердің бірінде.
Осылайша, Түркістан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтеріліп, өңірлік дамудың жаңа мүмкіндіктері ашылып отыр. Бұл сапар тек келіссөздер мен келісімдерден тұратын ресми шара ғана емес, екі ел арасындағы достық пен сенімге негізделген берік көпірдің іргетасын қайтадан нығайтқан маңызды қадам болды.