Түркістан даласында төрт түліктің саны артып келеді. Бүгінде өңірде 6 миллионға жуық мал тіркелген. Халықтың атакәсібіне адалдығы мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, мал басы жыл сайын өсіп келеді. Осыған орай жем-шөпке деген сұраныс та күрт артқан. Бұл – мал шаруашылығы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Осыны ескерген билік өкілдері шұғыл әрекетке көшіп, малазықтық дақылдар егістігінің көлемін ұлғайтуды қолға алды.
Ағымдағы жылы облыстағы 227 мың гектар жерге мал азығына арналған дақылдар себілген. Бұл – облыс бойынша егістік алқаптарының төрттен бір бөлігі. Мұндай жүйелі қадам агроқұрылымдарға көрсетілетін тұрақты мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екені сөзсіз. Бұл мәселеге облыс әкімдігінде өткен жиында арнайы назар аударылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне мал азығын дайындау жұмысын күн тәртібінен түсірмей, нақты жоспар түзіп, әрбір кезеңді бақылауда ұстауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәлімдеуінше, өткен жылы өңірде алдағы бір жарым жылдыққа жететіндей – 5,5 миллион тонна мал азығы жиналған. Қыстың жайлы өтуіне байланысты 1,9 миллион тонна шөп қоры әлі де сақтаулы тұр. Дегенмен биыл ауа райының қолайсыз болуы бұл бағыттағы жұмысты ширата түсуді талап етуде. Осыған байланысты облыста мал азығы тапшылығының алдын алуға бағытталған қысқа, орта және ұзақ мерзімді нақты жоспарлар әзірленуде. Оның ішінде кебек тарату ісін жүйелеу, суды үнемдей отырып жаңа технологияларды енгізу, малазықтық дақылдар егістігін кеңейту секілді бағыттар қамтылмақ. Мәжіліс барысында тағы бір маңызды мәселе – зиянкестерге, әсіресе шегірткеге қарсы күрес жайы талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қазіргі ахуал тұрақты екенін айтқанымен, қауіп сейілді деуге болмайтынын ескертті. Көршілес елдер мен өзге облыстардан зиянкестердің ұшып келу қаупі жоғары. Сондықтан барлық аудан, қала әкімдеріне алқаптарды жіті бақылауда ұстау тапсырылды. Бүгінде облыс бойынша 700 мың гектардан астам жер зиянкестерге қарсы химиялық өңдеуден өтті. Оның ішінде 638 мың гектар жер үсті бүріккіш техникалармен, 64 мың гектар ұшақ арқылы, 2 мың гектар аспалы бүріккіштермен және 1 мың гектар дронмен дәріленген. Бұл – технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы еңбек өнімділігін арттырудың жарқын көрінісі. Осылайша, Түркістан облысында мал азығын уақытылы әрі жеткілікті көлемде дайындау және ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мұның бәрі – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.