Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында ВАК отырысында араб мемлекеті Иорданиямен еркін сауда аймағы туралы келісім жасасу мүмкіндігі жөніндегі бастама қаралып, қолдау тапты. Сауда және интеграция министрлігі ұсыныстарды Еуразиялық экономикалық комиссияға жолдап, оны ЕАЭО елдерімен талқылайды.
Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді назарға ала отырып, талқылау қорытындысы бойынша ҚР аумағынан бензинді, дизель отынын, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ 1 сәуірден бастап 6 ай мерзімге Қазақстан аумағына жұмыртқа әкелуге уақытша тыйым салу туралы шешім қабылданды.
Картоп бағасының құбылмалылығын және елдегі маусымдық қордың азаюын ескере отырып, ВАК отырысында жаңа өнім жиналғанға дейін үшінші елдерден картопты бажсыз әкелу мүмкіндігі талқыланды. Осыған орай тиісті өтініш Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберіледі
Ет өнімдерін өндіруді ұлғайту мақсатында аналық мал басын әкетуге тыйым салуды ұзарту және бұқалар мен қошқарларды әкетуге сандық шектеу қою туралы шешім қабылданды. Тиісті бұйрық Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шығарылады.
Дереккөз: primeminister.kz