RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ МЕН АГРОӨНЕРКӘСІПТІК САУДА ОРТАЛЫҒЫН САЛУ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта облысқа Қытай Халық Республикасының инвесторлары арнайы жұмыс сапарымен келіп, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобаны таныстырды.

Шетелдік делегация мүшелерін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қайрат Қайыпбек қабылдап, кездесуде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау тетіктері және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында қытайлық компания Түркістан облысында декоративті ағаштар мен гүл көшеттерін өсіруге арналған заманауи жылыжай кешенін және агроөнеркәсіптік сауда орталығын салу жөніндегі инвестициялық ұсынысын таныстырды. Жоба іске асқан жағдайда өңірде сәндік өсімдіктер өндірісі дамып, сапалы көшеттерді өсіру көлемі артып қана қоймай, оларды сақтау, өткізу және көтерме саудамен айналысатын заманауи инфрақұрылым қалыптасады.

Инвесторлардың айтуынша, кешен халықаралық талаптарға сай жоғары технологиялармен жабдықталып, өсімдіктерді жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді. Жылыжайда декоративті ағаштар, түрлі гүлдер мен көгалдандыруға арналған көшеттер өсіріліп, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етумен қатар, өнімді экспортқа шығару мүмкіндігі де қарастырылуда.

Жобаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған. Бірінші кезеңде гүл өсіру жылыжай кешені, агроөнеркәсіптік сауда аймағы және көшеттер көрмесі салынады. Бұл нысандар кәсіпкерлер мен көгалдандыру саласының мамандарына қажетті өнімдерді бір алаңнан сатып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізеді.

Екінші кезеңде өндірістік кешеннің құрылысы жүргізіледі. Мұнда өсірілген өнімдерді сұрыптау, сақтау, өңдеу және өткізу бағытындағы өндірістік инфрақұрылым қалыптастырылып, агроөнеркәсіптік кластерді дамытуға негіз қаланады. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Қайыпбек Түркістан облысының инвесторлар үшін қолайлы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыс басшылығы өндіріс орындарын ашуға, жаңа технологияларды енгізуге және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыруға ерекше қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан шетелдік инвесторлардың бастамалары жан-жақты қарастырылып, олардың тиімді жүзеге асуына қажетті жағдай жасалады.

Жиын қорытындысында инвестициялық жобаны орналастыру үшін бірнеше ықтимал жер телімі ұсынылып, жауапты басқармалар мен салалық құрылымдарға жобаны жан-жақты зерделеу және қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар инфрақұрылымдық мүмкіндіктер, инженерлік желілерге қосылу мәселелері және жобаны іске асырудың кезеңдері бойынша бірлескен жұмыстар жалғасатын болды.

Тараптар алдағы уақытта инвестициялық бастаманы бірлесіп пысықтап, барлық техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу арқылы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға уағдаласты. Жоба толық іске асқан жағдайда Түркістан облысының агроөнеркәсіп саласының дамуына серпін беріп, өңірге қосымша инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және көгалдандыру өнімдерінің өндірісін дамытуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады

Өңірлік климаттық саммитке дайындық жөнінде кеңес өтті

redaktor_rastimes

Солтүстік Қазақстанда қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін техноэкопарк құрылады

redaktor_rastimes

Пікір жазу