Түркістан облысында биылғы егін орағы қарқынды жүріп жатыр. Диқандар жаз бойғы еңбектің жемісін жинап, қамбаларын жаңа өніммен толықтыруда. Ауыл шаруашылығы саласында республика бойынша көш бастап келе жатқан өңірде астық өндіру көлемі артып, заманауи технологияларды енгізудің нәтижесі айқын байқалуда. Егінге орақ салған шаруашылықтардың бірі – Қазығұрт ауданындағы «Үшбастау» өндірістік кооперативі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында кооперативтің егістік алқабына арнайы барып, егін орағының барысымен танысты. Өңір басшысы шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын көріп, ауыл шаруашылығы техникаларының жай-күйіне назар аударды. Сонымен қатар бидай ору науқанының барысын бақылап, диқан қауымымен пікір алмасты.
Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын әртараптандыру, өнімді терең өңдеу және заманауи технологияларды кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, терең өңдеуге басымдық беруді тапсырды. Біз осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, жаңа технологияларды өндіріске батыл енгізу қажет. Бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын қалыптастыру үшін ізденіс, еңбек және жаңашылдық маңызды. Осы жауапты міндетті атқаруда ауыл еңбеккерлеріне үлкен сенім артылады. Баршаңызға мол өнім, еңбектеріңізге береке тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.
2002 жылы құрылған «Үшбастау» өндірістік кооперативі бүгінде өңірдегі тұрақты дамып келе жатқан шаруашылықтардың бірі саналады. Кооперативтің жалпы жер көлемі 6855 гектарды құрайды. Оның ішінде 2845 гектары егістік, ал 4010 гектары жайылымдық жер. Шаруашылық негізінен бидай, арпа, мақсары және жоңышқа өсіруге маманданған.
Кооператив соңғы жылдары өндірісте ресурс үнемдейтін заманауи агротехнологияларды белсенді енгізіп келеді. Әсіресе, ылғалды сақтау мен топырақ құнарлылығын арттыруға мүмкіндік беретін нөлдік технологияның тиімділігі жоғары екенін тәжірибе көрсетуде. Бұл әдіс 2023 жылы 550 гектар алқапта қолданылса, кейінгі жылдары оның көлемі ұлғайып, биыл 600 гектар жерге енгізілді. Мамандардың айтуынша, аталған технология жанар-жағармай шығынын азайтып, топырақ құрылымын сақтауға және өнімділікті арттыруға оң әсерін тигізуде.
Шаруашылықтың техникалық әлеуеті де жылдан-жылға нығайып келеді. Кооператив иелігінде 2500 тонна астық сақтайтын қойма, жоғары өнімді комбайндар, тракторлар, жүк көліктері, заманауи дән сепкіштер мен басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жұмыс істейді. Бұл техника егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда кооперативте 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, егін орағы кезінде қосымша 20 маусымдық жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, өңір экономикасының дамуына да өз үлесін қосып отыр.
– Биылғы егін орағына үлкен дайындықпен кірістік. Ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланып, өнімді ысырапсыз жинап алуға күш салып жатырмыз. Шаруашылық жыл сайын дамып келеді. Заманауи технологияларды енгізудің арқасында егіннің шығымдылығы да жақсарды. Ең басты мақсатымыз – сапалы өнім өндіріп, ел игілігіне қызмет ету, – дейді кооператив басшысы Арын Калчабеков.
Биыл Түркістан облысында жалпы 265,5 мың гектар алқапқа масақты дақылдар егілді. Мамандардың болжамынша, орташа өнімділік гектарына 16,5 центнерді құрап, жалпы астық көлемі 436,6 мың тоннаға жетеді.
Жалпы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша республикада көш бастап келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысында өңірде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 125,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,7 пайыз өсімге қол жеткізілді. Бұл көрсеткіш өңірдің аграрлық әлеуетінің артып келе жатқанын және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.

