RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түлкібас ауданында өндіріс пен туризм қатар дамуда: жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін ірі жоба жүзеге асырылуда

Түркістан облысының Түлкібас ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды таныстыру, өндірістік және туристік әлеуетті көрсету, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамаларды кеңінен насихаттау болды.

Алғашқы нысан – Жабағылы ауылында салынып жатқан «Қарқын Трейд» ЖШС-нің заманауи құс фабрикасы. Жалпы құны 53,7 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдегі ең ірі агроөнеркәсіптік инвестициялық бастамалардың бірі саналады. Мұнда толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін құс өсіру кешені мен жоғары технологиялық құс етін өңдеу зауыты бой көтеруде. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жылына 48 мың тонна құс етін өндіріп, 1000 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Қазіргі уақытта кешен құрамындағы 10 құс фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен бірге қасапхана, әкімшілік ғимарат және өндірістік қалдықтарды өңдеу цехының құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске қосылған соң өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импорт үлесін азайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға елеулі үлес қоспақ.

Пресс-тур барысында журналистер еліміздегі тұңғыш табиғи қорық – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығына да барды. Биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған қорық еліміздің ғана емес, Орталық Азиядағы табиғи мұраның ең құнды нысандарының бірі саналады. Мұнда өсімдіктердің 1737 түрі мен жануарлардың 2489 түрі тіркелген. Оның ішінде 41 өсімдік пен 45 жануар түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

БАҚ өкілдері қорықтың заманауи Визит-орталығымен де танысты. Алғаш рет 1963 жылы құрылған орталық 2004 жылы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен толық жаңғыртылып, халықаралық талаптарға сай қайта жабдықталған. Бүгінде бес тақырыптық экспозициялық залдан тұратын орталықта қорықтың ғасырлық тарихы, сирек кездесетін флорасы мен фаунасы, ғылыми-зерттеу жұмыстары және табиғатты қорғау бағытындағы қызметі кеңінен таныстырылады.

Баспасөз туры Иірсу тау шатқалында салынатын жаңа көру алаңында жалғасты. Туристік нысанның жобасы бекітіліп, оған 1,3 гектар жер телімі бөлінген. Құны 542,4 млн теңгені құрайтын жоба аясында жалпы аумағы 371 шаршы метр болатын заманауи көру алаңы салынады. Нысан аудан орталығынан 32 шақырым, Иірсу ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасады. Жоба өңірдің туристік және рекреациялық әлеуетін арттырып, ішкі және шетелдік туристердің қызығушылығын күшейтуге бағытталған.

Сапардың соңғы нысаны Күмісбастау ауылындағы «Beibars Bottlers» ЖШС болды. Кәсіпорын су және алкогольсіз сусындар өндірісімен айналысады. 2025 жылдан бастап мұнда әлемге танымал «RC Cola» брендімен өнім шығарыла бастады. Кәсіпорын «Halal» стандарты бойынша сертификатталған. Қазіргі таңда зауытта үш түрлі алкогольсіз сусын төрт түрлі қаптамада өндіріліп, отандық нарыққа ұсынылуда. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

Түлкібас ауданында жүзеге асырылып жатқан өндірістік, туристік және өңдеу саласындағы ауқымды жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етуде. Баспасөз туры барысында журналистер осы бастамалардың жүзеге асу барысымен танысып, ауданның экономикалық және туристік әлеуетінің жылдан-жылға артып келе жатқанына көз жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

Жас жүректерде оянған жауынгерлік рух

redaktor_rastimes

Ана мен бала — ұлт болашағының алтын діңгегі

redaktor_rastimes

КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ: ЕГІС НАУҚАНЫ МЕН СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу