Түлкібас ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізіліп, диқандар егіс науқанын табысты аяқтауға жақындады. Биыл аудан бойынша жалпы көлемі 64 мың гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал азықтық дақылдар орналастырылды. Бұл өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.
Бүгінде 50 мың гектардан астам жерге көктемгі егіс жүргізілсе, өткен жылдан себілген 14 мың гектардан астам күздік бидай алқабы да жақсы күйде өсіп келеді. Аудан шаруалары ауа райының қолайлы сәттерін тиімді пайдаланып, барлық агротехникалық шараларды уақытылы атқаруда.
Егіс құрылымында дәнді және майлы дақылдарға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, 15 680 гектар алқапқа бидай, 6 800 гектарға арпа, 11 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту мақсатында 28 500 гектар жерге мал азықтық дақылдар орналастырылған. Бұл алқаптар ауданның жемшөп қорын нығайтып, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында картоп пен көкөніс егістіктерінің көлемі де ұлғайтылған. Биыл 1 200 гектар жерге картоп, ал 1 500 гектар алқапқа көкөніс дақылдары егілді. Бұл өнімдер ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, бағаның тұрақтылығын сақтауға оң ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдауда мемлекеттік бағдарламалардың да маңызы зор. Соның ішінде «Ауыл-Аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары мен кооперативтердің дамуына тың серпін беруде. Бағдарлама аясында жоспарланған 10 жобаның бүгінде 3-еуі жеңілдетілген несие алып, өз жұмыстарын бастаған. Ал алдағы уақытта тағы 4 жоба қаржыландырылып, ауыл кәсіпкерлерінің жаңа бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасалмақ.
Түлкібас ауданындағы көктемгі дала жұмыстарының жоғары қарқынмен жүргізілуі мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі өңірдің ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына негіз болуда. Еңбек пен берекені серік еткен аудан диқандары биыл да мол өнім алуға сенім білдіріп отыр.

