Сауран ауданында экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім сақталып келеді. Жыл басынан бері ауданда жалпы құны 59 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң қарқын көрсетті. Өндірілген өнім көлемінің 15,9 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі болса, негізгі үлес ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында қалыптасты. Бұл аудан экономикасында агроөнеркәсіп кешенінің маңызды рөл атқаратынын және ауыл шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.
Бүгінде Сауран ауданында ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың бірі – жалпы аумағы 200 гектарды құрайтын ірі мал бордақылау алаңының құрылысы. Ауқымды жоба өңірдің мал шаруашылығын дамытуға, ет өндірісінің көлемін арттыруға және заманауи өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта Ескі Иқан ауылында жоба аясындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, бір мезгілде көп көлемдегі ірі қара малды күтіп-бағуға арналған 32 мал қорасының құрылысы қолға алынған. Барлық нысандар заманауи талаптарға сай салынып, малды тиімді күтіп-бағуға, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өндіріс процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоба аясында етті қайта өңдеу, мал сою және дайын өнімді сақтауға арналған арнайы цехтардың құрылысы қатар жүргізілуде. Бұл өндірістік тізбектің толық қалыптасуына жол ашып, малды бордақылаудан бастап дайын өнімді өңдеу, сақтау және өткізуге дейінгі барлық кезеңді бір кешенде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл өнімнің сапасын арттырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруға жағдай жасайды.
Мамандардың айтуынша, жоба толық іске қосылған кезде ауданның мал шаруашылығы саласының өнімділігі едәуір артып, ет өндірісінің көлемі ұлғаяды. Сонымен қатар өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді. Инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы жергілікті бюджет кірісін ұлғайтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да ықпал етеді.
Болашақта кешенде өндірілген өнімді алдымен ішкі нарыққа жеткізу, кейін халықаралық талаптарға сәйкес экспорттық әлеуетті арттыру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, отандық ет өнімдерінің сапасын көтеруге және жаңа өткізу нарықтарын игеруге мүмкіндік береді.
Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, инвестиция тарту және ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осындай бастамалар ауданның аграрлық әлеуетін арттырып, экономиканың тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына және өңірдің инвестициялық тартымдылығының артуына елеулі үлес қосып келеді.

