RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

САРЫАҒАШТЫҚ ШАРУАЛАР ҚЫРЫҚҚАБАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ӨНІМІН ЖИНАП ЖАТЫР

Түркістан облысы ежелден-ақ еліміздің көкөніс пен бақша өнімдерін өндіретін негізгі өңірлерінің бірі саналады. Әсіресе, күн сәулесі мол түсетін Сарыағаш ауданында көктем шыға жер жыртып, егін еккен диқандардың еңбегі бүгінде өз нәтижесін бере бастады. Аудан шаруалары ерте пісетін қырыққабаттың алғашқы өнімін жинап, ішкі нарықты сапалы көкөніспен қамтамасыз ету жұмыстарына қызу кірісті.

Бүгінде Сарыағаш ауданындағы «Мухаммеджан» шаруа қожалығы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бірі саналатын қырыққабатты жинап, еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтуде. Бұл өз кезегінде көктемгі кезеңде халықты жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңіраралық сауда байланыстарының нығаюына да ықпал етуде.

Диқаншылықты ата кәсіпке айналдырған шаруалар үшін әрбір егін маусымы – үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің жемісі. Жердің бабын тауып, тұқымнан мол өнім алу үшін күндіз-түні еңбек ететін шаруалардың жұмысы бүгінде нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Ерте көктемде егілген қырыққабат алқаптары жайқалып өсіп, алғашқы өнім нарыққа жол тартуда.

Солардың бірі – Құрама елді мекенінің тұрғыны, тәжірибелі диқан Срайыл Бадалов. Еңбекқорлығымен ауыл тұрғындары арасында сыйлы болған шаруаның жерден несібе теріп келе жатқанына бірнеше жыл болған. Ол биыл өзінің 0,25 гектар жеріне қырыққабат егіп, одан шамамен 15 тонна өнім алуды жоспарлаған. Бүгінде оның еңбегі ақталып, алқаптағы өнім молынан жиналуда.

Диқанның айтуынша, мол өнім алу үшін жерді дұрыс дайындау, сапалы тұқым таңдау және суару жұмыстарын уақытылы жүргізу аса маңызды. Сонымен қатар табиғаттың қолайлы болуы мен агротехникалық талаптарды сақтаудың да рөлі зор. Осындай ұқыптылық пен табанды еңбектің арқасында шағын ғана жер телімінен жоғары өнім алуға мүмкіндік туып отыр.

Сарыағаштық шаруалардың бұл жетістігі өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе ерте пісетін көкөніс өнімдерін өндіру арқылы аудан диқандары ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтауға және халықты отандық өніммен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда.

Қазіргі таңда жиналған қырыққабат өнімдері еліміздің солтүстік облыстарына жөнелтіліп, тұтынушыларға жеткізілуде. Бұл бір жағынан шаруалардың табысын арттырса, екінші жағынан өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Жер-ананың берекесін еселеп, маңдай тердің өтеуін көріп отырған сарыағаштық диқандар үшін әрбір өнім – тынымсыз еңбектің жемісі. Бүгінде алқаптардан жиналып жатқан алғашқы қырыққабат өнімдері Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығындағы табысты маусымның басталғанын айғақтайды. Ал еңбек пен тәжірибені ұштастырған шаруалар алдағы уақытта да мол өнім алып, ел ырысын арттыруға өз үлестерін қоса бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Үкімет Салық кодексіне енгізілген түзетулерді бизнеспен талқылайды

redaktor_rastimes

Мобильді аударымдар туралы не білуіңіз қажет

Ұлытау өңірінің көктемгі су тасқынына дайындығы қалай?

redaktor_rastimes

Пікір жазу