Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде су тасқынының алдын алу мәселесі қаралды. Жиында ТЖД, «Қазгидромет» басшыларының және селекторлық режимде аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
«Су тасқынының алдын алу – өңір үшін өте маңызды мәселе. Былтырғы жағдайдың қайталануына жол бермеу қажет. Дайындық жұмыстары үздіксіз жүргізілуде: жөндеу және инженерлік жұмыстар бір күнге де тоқтаған жоқ, тіпті қыста да жалғасты», — деді облыс әкімі.
Инженерлік жұмыстар жоспары аясында 109 іс-шара қарастырылған, оның ішінде келесі жұмыстар атқарылды:
- 8 қорғаныс бөгеті нығайтылды
- Облыста 80 км бөгеттер мен үйінділер салынып, күшейтілді
- Автожолдарға 108 су өткізу құбыры мен тюбингтер орнатылды
- 10 км су ағызу арықтары мен каналдары тереңдетілді
- 4 км шағын өзен арналары тазартылды
- 214 км нөсерлік кәріз жүйесі тазартылып, жөнделді
- Бірінші көтергіш сорғы станциясын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын
Өткен жылғы су тасқынының ерекшеліктерін ескере отырып, қосымша шаралар жүзеге асуда:
- Петропавл су торабы маңында айналма канал құрылысы басталды. Бұл Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Су тасқынын ерте кезеңде бақылап, облыс орталығының шағын аудандарының су басуын болдырмау үшін артық суды алдын ала ағызу қарастырылған.
- Соколовка және Большая Малышка ауылдары маңында өзен арналарының түбін тереңдету және жағалауды тазарту жұмыстары жүргізілуде.
- Профилактикалық жару жұмыстары жүргізіледі. Петропавл қаласы мен 8 аудандағы Есіл өзені мен шағын өзендердің 49 учаскесінде мұз кептелісінің алдын алу және еріген судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін жарылыс жұмыстары жасалады.
«Қазір бүкіл облыс үшін жауапты кезең. Мемлекеттік органдар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Дайындық жұмыстары мұқият жүргізілуі тиіс, әсіресе инертті материалдарды, қаптарды және арнайы техниканы алдын ала дайындау маңызды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеру қажет», — деп атап өтті өңір басшысы.
Алдағы уақытта аудандарда кеңестер өткізіліп, негізгі міндеттер мен басым жұмыстар нақтыланады.
Дереккөз: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі