RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ҚР «Малшылар күні» кәсіби мерекесіне орай Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

Қазақстан Республикасында шілде айының екінші жексенбісінде атап өтілетін «Малшылар күні» кәсіби мерекесіне орай Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шарада мал шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен сала ардагерлері мен өндірісте жоғары нәтижеге қол жеткізген үздік мамандар құрметке бөленді.

Мал шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, өңір экономикасының дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды салалардың бірі. Жыл он екі ай табиғаттың түрлі сынағына қарамастан еңбек етіп жүрген малшылардың қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан әрдайым жоғары бағаланып келеді.

Салтанатты жиында марапат иелеріне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің салалық наградалары мен Құрмет грамоталары табысталды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен «Біржан» шаруа қожалығының төрағасы, шопан Ералы Ділдай және «ШЫМКЕНТ ЕТ» ЖШС-нің аға шопаны Мықтыбай Күлман марапатталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі Алясхан Ахметов пен Ермаканбет Туктыбаевқа табыс етілді. «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі Еркамал Аккозиевке берілді. Ал Маржанкүл Басарова мен Габидин Керимбеков министрліктің Құрмет грамотасына ие болса, Абдихалил Оразбаевқа Алғыс хат табысталды.

Марапаттау рәсімінде сала мамандарының адал еңбегі мен кәсібилігі жоғары бағаланып, олардың ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

Бүгінде Түркістан облысы мал шаруашылығын дамыту бойынша республикадағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Өңірде мал басының жыл сайын артуы, өндіріс көлемінің ұлғаюы және экспорттық әлеуеттің күшеюі жүргізіліп жатқан жүйелі мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін көрсетеді.

Қазіргі таңда республикадағы ірі қара малдың 13 пайызы немесе 1 млн 238,6 мың басы, ұсақ малдың 20 пайызы немесе 5 млн 211,6 мың басы, жылқының 10 пайызы немесе 549 мың басы, түйенің 14 пайызы немесе 46,1 мың басы және құстың 5 пайызы немесе 2 млн 586,8 мың басы Түркістан облысының үлесіне тиесілі.

Биылғы жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша облыста 116,3 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 125,1 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Сонымен қатар 271,8 мың тонна сүт және 170,8 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Бұл көрсеткіштер өңірдегі мал шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын айқын аңғартады.

Өндіріс көлемінің артуы экспорт көрсеткіштеріне де оң әсерін тигізуде. Түркістан облысы бүгінде республика бойынша экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызын және қой етінің 75 пайызын қамтамасыз етеді. 2025 жылдың алғашқы алты айында шетел нарығына 10,3 мың тонна ірі қара мал еті мен 14,4 мың тонна қой еті экспортталды. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетінің жоғары екенін және қазақстандық өнімге сыртқы нарықта сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.

Мал шаруашылығы саласын одан әрі дамыту, еңбек адамын қолдау және заманауи өндіріс технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Сала үздіктерін ұлықтау – малшы мамандығының мәртебесін көтеріп қана қоймай, жастарды ауыл шаруашылығына тартуға және елдің аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететін маңызды қадам.

Ұқсас жаңалықтар

Ұлытау өңірінің көктемгі су тасқынына дайындығы қалай?

redaktor_rastimes

САЙРАМДА ҚЫРЫҚҚАБАТ ЖИНАУ НАУҚАНЫНА ҚЫЗУ ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРІП ЖАТЫР

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫТАЙЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС АЛЫБЫ ТУРИСТІК ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА НИЕТТІ

redaktor_rastimes

Пікір жазу