Республикамыздың ең ірі аграрлық өңірі саналатын Түркістан облысында су шаруашылығы саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін салтанатты түрде атап өтті. Өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мыңдаған гектар егістік алқаптарын тіршілік нәрімен қамтып отырған сала мамандарының құрметіне Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға су шаруашылығы саласының ардагерлері, гидротехниктер, инженерлер, гидрометрлер, шлюз реттеушілер, өндіріс орындарының қызметкерлері мен жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров су шаруашылығы мамандарының еңбегіне жоғары баға беріп, олардың ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіндегі рөлі ерекше екенін атап өтті.
– Түркістан облысындағы мыңдаған гектар алқаптың тағдыры, диқандарымыздың ырысы мен халықтың әл-ауқаты тікелей сіздердің қолдарыңызда. Су шаруашылығы қызметкерлері көктемгі тасқын суларды қауіпсіз өткізуден бастап, жазғы вегетациялық кезеңнің соңына дейін тәулікпен санаспай еңбек етеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында егістік алқаптары сумен қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығының тұрақты жұмысы жалғасуда. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған маңызды үлес, – деді өңір басшысы.
Мерекелік іс-шара барысында сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, ұзақ жылдар бойы су шаруашылығы жүйесінде табанды еңбек еткен мамандарға алғыс айтылды. Сондай-ақ кәсіби міндетін адал атқарып жүрген бірқатар қызметкерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы марапаттар табысталды.
Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі ең ірі суармалы егіншілік аймағы саналады. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бірі, яғни 575 мың гектар егістік алқабы осы өңірде орналасқан. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару, ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау және суды үнемді пайдалану мәселелері әрдайым басты назарда.
Өңірдің су шаруашылығы жүйесі ауқымды инфрақұрылымнан тұрады. Оның құрамында 42 су қоймасы, 4 мыңнан астам канал, 1 794 тік ұңғыма және 1 256 қашыртқы жұмыс істейді. Бұл нысандар ауыл шаруашылығы алқаптарын суарумен қатар, елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге және гидротехникалық қауіпсіздікті сақтауға қызмет етеді. Аталған инфрақұрылымның үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуі мыңдаған су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Биылғы табиғи-климаттық қолайлы жағдай су қорын молайтуға оң әсерін тигізді. Көктемгі жауын-шашын мен өзендердегі су көлемінің артуы нәтижесінде өңірдегі су қоймаларының қоры едәуір толықты. Қазіргі таңда олардың орташа толу деңгейі 50 пайызды құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда су көлемінің 2,4 миллиард текше метрге артуына мүмкіндік берді. Жиналған су қоры алдағы вегетациялық кезеңде егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге негіз болады.
Соңғы жылдары облыста су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында кешенді жұмыстар қолға алынуда. Ирригациялық жүйелерді жаңғырту, каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық нысандарды жөндеу, цифрлық су есептеу жүйелерін енгізу және су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл шаралар су шығынын азайтып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Су шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл экономикасының тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін стратегиялық сала. Осы бағытта тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігі Түркістан облысының аграрлық әлеуетін арттыруға, диқандардың табысын көбейтуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді.

