Түркістан облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы өз нәтижесін беріп келеді. Соңғы үш жылда аталған бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджет есебінен жалпы 30 миллиард теңге бөлініп, оның аясында бес мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл туралы облыс әкімдігінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.
Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов бағдарламаның бүгінгі күнге дейінгі орындалу барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, жоба аясында ауыл тұрғындарының жеке кәсібін бастауына және қолданыстағы шаруашылықтарын кеңейтуіне жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.
Бүгінгі таңда бағдарлама аясында облыс көлемінде 4223 шағын кәсіпкерлік жобасы жүзеге асырылған. Нәтижесінде жүздеген ауыл тұрғыны өз ісін ашып, тұрақты табыс табуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар өңірде 593 жылыжай кешені салынып, ауыл шаруашылығы өнімдерін жыл бойы өндіруге қолайлы жағдай қалыптасты. Бұл өз кезегінде көкөніс өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті күшейтуге ықпал етуде.
Бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына да ерекше көңіл бөлінген. Соның нәтижесінде 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, өңірде өндірілетін өнімнің қосымша құнын арттыруға мүмкіндік жасалды. Бұл кәсіпорындар жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға өз үлесін қосып келеді.
Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталып, әрбір бөлінген қаражат нақты нәтижеге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Өңір басшысы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – халықтың әл-ауқатын жақсартудың және ауыл экономикасын нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі екенін айтты. Сондықтан жеңілдетілген несиелердің мақсатты игерілуі, жаңа өндірістердің ашылуы, кооперацияны дамыту және өнімді өткізу нарығын кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы қажет екенін жеткізді.
Биыл да «Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңа инвестициялық және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жалғасады. Басымдық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды терең өңдеуге, жылыжай шаруашылығын кеңейтуге, мал және құс шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ ауыл тұрғындарының тұрақты табысын арттыруға бағытталмақ.
Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Бағдарламаны тиімді іске асыру алдағы уақытта да ауылдардың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

