Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша ауқымды жобалар іске асырылып келеді.
Бұл туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндады.
Басқарма басшысының мәліметінше, өңірде бүгінгі таңда жалпы саны 593 жылыжай кешені салынған. Бұл көрсеткіш облыстың көкөніс өндірісін ұлғайтып қана қоймай, жыл бойы халықты сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар жылыжай шаруашылығы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл тұрғындарының тұрақты табыс табуына оң әсерін тигізуде.
Өңірде шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Соңғы кезеңде 4 223 кәсіпкерлік жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 4 635 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына басымдық беріліп, 79 қайта өңдеу кәсіпорны өз жұмысын бастады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттырып, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге ықпал етуде.
Мал шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады. Облыстағы мал басы 76 887 басқа көбейіп, саладағы өндіріс көлемі артып келеді. Ал әлеуметтік бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайған. Бұл тұрғындардың тұрақты табыс көздерінің көбейіп, кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрғанын көрсетеді.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да табысты жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама ауыл тұрғындарының жеке кәсібін дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және ауыл экономикасын жандандыруға мүмкіндік беруде.
2023–2025 жылдары жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы көлемі 30,2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 2023 жылы – 19,8 млрд теңге, 2024 жылы – 3 млрд теңге және 2025 жылы – 7,4 млрд теңге толық игерілген. Нәтижесінде алты негізгі бағыт бойынша 4 223 жоба жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығы саласына тиесілі. Атап айтқанда, мал шаруашылығы бағытында 3 155 жоба жүзеге асырылса, өсімдік шаруашылығында – 597, құс шаруашылығында – 22, балық шаруашылығында – 53 жоба іске асырылған. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 150 жоба қаржыландырылып, тұрғындардың өз кәсібін бастауына бағытталған тағы 279 жоба қолдау тапқан.
Биыл да бағдарламаны жүзеге асыру жалғасады. 2026 жылға республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылып, 1 115 жобаны қаржыландыру және 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда несие келісімдері аясында 7 млрд теңге бөлініп, оның 2,5 млрд теңгесі басым бағыттардағы жобаларды қаржыландыруға бағытталуда. Сонымен қатар өңірде 73 ауылдық округте жобаларды іске асыру және 78 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру көзделген.
Жалпы, Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға серпін беріп отыр.

