Түркістан облысы бүгінде жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша Қазақстандағы көшбасшы өңір ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында облыста жалпы құны 534,2 млрд теңгені құрайтын үш ірі өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, елдің маусымаралық кезеңдегі жаңа піскен көкөніске деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобалар толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жылыжай өнімдерінің өндірісі жылына қосымша 102 мың тоннаға ұлғаяды. Бұл ішкі нарықты сапалы әрі балғын көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және отандық өнімнің үлесін арттыруға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар ауқымды инвестициялық жобалардың нәтижесінде 1 225 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын жұмыспен қамту көрсеткіші арта түседі.
Бүгінде Түркістан облысы республикадағы жылыжай шаруашылығының негізгі орталығына айналған. Облыстағы жабық топырақтың жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайды. Бұл – еліміздегі барлық жылыжай алқаптарының 72 пайызы. Мұндай көрсеткіш өңірдің аграрлық сектордағы әлеуетін және жылыжай өндірісін дамытудағы жетекші орнын айқын көрсетеді.
Өткен жылы Түркістан облысының жылыжай кешендерінде 113 мың тоннадан астам көкөніс өнімі өндірілді. Соның нәтижесінде Қазақстанның маусымаралық кезеңдегі ішкі нарықтағы көкөніске деген сұранысының шамамен 45 пайызы өңірде өндірілген өнім есебінен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш облыс диқандарының еңбегі мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін айғақтайды.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында-ақ облыстың жылыжай шаруашылықтары 38,2 мың тонна өнім өндірді. Бұл өндіріс қарқынының тұрақты сақталып отырғанын және жылыжай секторында сұранысқа сай өнім көлемінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Соңғы жылдары өңірдегі жылыжай кешендері өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, заманауи технологияларды кеңінен енгізуге басымдық беріп келеді. Автоматтандырылған климаттық бақылау жүйелері, тамшылатып суару, энергия үнемдеу технологиялары мен жоғары өнімді сұрыптарды пайдалану арқылы өнімнің сапасы мен еңбек өнімділігі артып келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлер жоғары рентабельді көкөніс түрлерін өсіруге бет бұрып, ішкі нарықпен қатар экспорттық бағыттарды дамытуға да ерекше көңіл бөлуде.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттырумен қатар, өңдеу саласының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңір экономикасының әртараптануына оң ықпал етуде. Заманауи жылыжай кешендерінің іске қосылуы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, халықты жыл бойы сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жылыжай шаруашылығын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, инновациялық технологияларды енгізу және өндіріс көлемін ұлғайту арқылы Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетекші өңір ретіндегі орнын одан әрі нығайта түспек.

