Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесі аясында Түркістан облысының делегациясы бірқатар маңызды іскерлік кездесулер өткізіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және өзара тиімді серіктестікті дамытуға бағытталған маңызды халықаралық алаңдардың бірі саналады.
Түркістан облысының делегациясын облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бастап барды. Делегация құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Алибек Плалов, аудан әкімдері, салалық басқармалар мен кәсіпкерлік саласының өкілдері болды. Көрме аясында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, агроөнеркәсіптік әлеуеті және өндірістік жобалары шетелдік әріптестерге кеңінен таныстырылды.
Іскерлік кездесу барысында Түркістан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Шаньси провинциясынан келген жұмысшы делегациясымен жүздесті. Тараптар екі өңір арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өндіріс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өңдеу салаларындағы өзара тиімді байланыстарды дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында Түркістан облысының қолайлы инвестициялық ахуалы, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шаралары мен өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Өз кезегінде қытайлық делегация өкілдері өңірдің өндірістік әлеуетіне қызығушылық танытып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Сонымен қатар көрме аясында Қытайдың жетекші компанияларымен G2B (Government to Business) форматындағы екіжақты кездесулер ұйымдастырылды. Іскерлік келіссөздер барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа өндіріс орындарын ашу, заманауи технологияларды енгізу, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Кездесулерде Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы мен логистикалық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Өңірдің қолайлы географиялық орналасуы, ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті, өнеркәсіптік инфрақұрылымы және инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері қытайлық кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әріптестік жыл сайын нығайып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай халықаралық көрмелер мен іскерлік кездесулер өңірлер арасындағы байланыстарды кеңейтіп қана қоймай, инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге және өндірістік кооперацияны дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Түркістан облысының делегациясы өткізген келіссөздер өңірге инвестиция тарту жұмыстарын жандандырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға негіз болады деп күтілуде. Алдағы уақытта қытайлық серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

