RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

САУРАН АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН АГРОДРОНДАР ӨНДІРІСІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Сауран ауданындағы «Шаға» өндірістік алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысын таныстыру, өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен таныстыру және өңірдің индустриялық әлеуетін көрсету болды. Пресс-тур барысында журналистер бірқатар өндіріс орындарын аралап, заманауи технологияларға негізделген жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.

Алғашқы болып «BNK Group» кәсіпорнының қызметі таныстырылды. Компания ауыл шаруашылығы саласына арналған технологиялық жабдықтарды өндіретін еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Бүгінде кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару қондырғыларын құрастырады. Сонымен қатар мұнда ауыл шаруашылығы техникалары шығарылып, егіс алқаптарын күтіп-баптауға арналған заманауи агродрондар да құрастырылуда. Бұл технологиялар еңбек өнімділігін арттырып, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Пресс-тур аясында «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндірістік әлеуеті де таныстырылды. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз шығаруға маманданған. Соңғы үш жыл ішінде еліміздің 50-ге жуық мектебі осы кәсіпорын өндірген жиһазбен жабдықталған. Мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сай өнімдер дайындалады. Сонымен қатар «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп медицина мекемелеріне арналған арнайы жабдықтар өндіріледі.

Журналистер «Юпитер-М» ЖШС-нің өндірістік жобасымен де танысты. Кәсіпорын жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығарады. Жылдық өндірістік қуаты 1750 тоннаны құрайтын зауыт толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерін ішкі нарықпен қатар Өзбекстан Республикасына экспорттап келеді. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны ашылған.

Пресс-тур барысында «TURSAPA» полиэтилен өнімдерін шығаратын зауыттың жұмысы көрсетілді. Мұнда тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы полиэтилен бұйымдары, сондай-ақ түрлі көлемдегі қоқыс қаптары өндіріледі. Жоба ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен бірге қатысушылар «Turan Su» кәсіпорнының өндірістік қызметімен танысты. 2019 жылы құрылған мекеме ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау, жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, индустриялық парк аумағында тамшылатып суару құбырларын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылған. Зауыт жылына 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару ленталарын, 5 256 дана полиэтилен құбырларын және 2 117 шақырым шлангі өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 20 маман екі ауысымда еңбек етеді.

Пресс-турдың маңызды жобаларының бірі – «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС жүзеге асырып жатқан агродрондар өндірісі болды. Жоба аясында жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланған. Қазіргі таңда өндірістік алаң толық дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған және алғашқы сынамалық үлгілер әзірленген. Қазіргі уақытта жобаны толық іске қосу үшін азаматтық авиация саласына қатысты рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Бағдарлама соңында «Daulet Holding» кәсіпорнының өндірістік қызметі таныстырылды. Кәсіпорын жылына 36 500 дана ішкі ағаш есік өндіреді. Заманауи технологиялар қолданылатын өндіріс орнында ағашты өңдеу, құрастыру және әрлеу жұмыстары толық өндірістік цикл бойынша жүзеге асырылады. Бүгінде мұнда 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай инвестициялық жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи өндірістерді дамытуға және отандық өнім көлемін ұлғайтуға зор мүмкіндік беруде. Сонымен қатар жоғары технологияларға негізделген өндірістердің іске қосылуы ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беруде.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанның төріндегі тағылымды кеш: Роза Рымбаеваның мерекелік концерті

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ ЕЛ НАРЫҒЫН КӨКӨНІСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

redaktor_rastimes

ТАУ ТУРИЗМІН ДАМЫТУ – ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚ АЯСЫНДА

redaktor_rastimes

Пікір жазу