RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

КЕЛЕСТЕ ЖАҢА БАҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖОБАСЫ АЛҒАШҚЫ ӨНІМІН БЕРДІ

Келес ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыру және интенсивті бау-бақша шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған жаңа инвестициялық жоба алғашқы нәтижесін беріп, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса бастады. Заманауи технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылып жатқан жоба жерді тиімді игерудің, өнімділікті арттырудың және ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзін қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналуда.

2025 жылы кәсіпкер Нұржан Умаров басқаратын «Нұржан» шаруа қожалығы жалпы көлемі 12 гектар жерге Түркия Республикасынан әкелінген «Орион» сұрыпты 15 мың түп шабдалы көшетін отырғызды. Көшеттер интенсивті бақ талаптарына сәйкес егілді. Бақта көшеттердің жерсінуі мен сапалы өнім беруіне қажетті барлық агротехникалық жұмыстар уақытылы атқарылып, тыңайтқыш беру, өсімдіктерді қорғау және суару жүйелері талапқа сай ұйымдастырылды.

Жобаның нәтижесі көп күттірген жоқ. Биыл егілген шабдалы ағаштары алғашқы жемісін беріп, өнім пісіп-жетілді. Бұл атқарылған еңбектің нәтижесі ғана емес, Келес ауданының табиғи-климаттық жағдайының жеміс шаруашылығын дамытуға қолайлы екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Алғашқы өнімнің алынуы кәсіпкердің алдағы жоспарларын жүзеге асыруға да үлкен серпін беруде.

Жеміс шаруашылығын одан әрі кеңейту мақсатында Нұржан Умаров 2026 жылы жаңа кезеңді бастады. Атап айтқанда, Алпамыс батыр ауылдық округіндегі «ҰЛЫ ДАЛА» өндірістік кооперативіне қарасты жалпы көлемі 51,3 гектар жер учаскесінің 30 гектарына шабдалы көшеттері отырғызылып, бақ толықтай тамшылатып суару технологиясымен қамтамасыз етілді. Су үнемдеуге мүмкіндік беретін бұл заманауи әдіс әр ағаштың қажетті мөлшерде ылғал алуына жағдай жасап, өнім сапасы мен өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы өндіріс шығындарын азайтып, экологиялық тұрғыдан да тиімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Кәсіпкердің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде интенсивті бау-бақша шаруашылығын дамыту, жаңа технологияларды енгізу және жердің әр гектарынан алынатын өнім көлемін арттыру.

«Бұл жобаны қолға алудағы басты мақсатымыз – ауылда заманауи бақ шаруашылығын дамыту. Бүгінде алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Келес ауданының табиғи-климаттық ерекшелігі жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы. Сондықтан жерді тиімді пайдалануға ниетті азаматтармен тәжірибемізді бөлісуге және қолдан келген көмегімізді көрсетуге дайынбыз. Ауыл тұрғындарын табысты бау-бақша шаруашылығымен айналысуға шақырамын», – дейді кәсіпкер Нұржан Умаров.

Алдағы уақытта шаруашылықтың бақ көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар шабдалымен қатар шие мен элиталық жүзім алқаптарын көбейту көзделген. Бұл өңірде жеміс-жидек өндірісінің көлемін арттыруға, өнім түрлерін көбейтуге, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Болашақта өндірілген өнімді өңдеу, сақтау және экспортқа шығару бағытында да жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

Бүгінде Келес ауданында жерді тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және интенсивті бақ шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осындай бастамалар ауданның аграрлық әлеуетін нығайтып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға маңызды үлес қосуда. Инновациялық тәсілдерге негізделген мұндай жобалар алдағы уақытта Келес ауданын еліміздегі жеміс-жидек өндірісінің жетекші өңірлерінің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

43 адам қаза тауып, миллиондаған адам жарықсыз қалды

ҚХА-НЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА «АҚЫЛ-ОЙ» ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫ ӨТТІ

redaktor_rastimes

ҚАЗЫҒҰРТТА ЖАС ЧЕМПИОНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

redaktor_rastimes

Пікір жазу