БӘЙДІБЕКТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІНІҢ МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНЫЛУЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ
Бәйдібек ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді әрі заң талаптарына сәйкес пайдаланылуын бақылау бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Осы мақсатта аудан әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылып, аудан аумағындағы жер телімдерінің нақты жағдайын зерделеу және олардың нысаналы мақсатына сай пайдаланылуын анықтау жұмыстары басталды.
Арнайы құрылған жұмысшы топтың құрамында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ақбаев Нұрпеис Оразханұлы, жауапты бөлім басшылары мен сала мамандары бар. Жұмыс тобы аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аралап, олардың пайдаланылу барысын тексеруде.
Кезекті жұмыс сапары барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ақбаев Нұрпеис Оразханұлы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қызылжар елді мекені аумағындағы жайылым жерлердің жағдайымен танысты. Аралау жұмыстары барысында жер телімдерінің пайдаланылу ерекшеліктері мен заң талаптарының сақталу деңгейі назарға алынды.
Тексеру нәтижесінде Жамбыл ауылдық округіне қарасты бірқатар жайылымдық жерлердің аудан тұрғындарының қажеттілігіне пайдаланылмай отырғаны анықталды. Атап айтқанда, аталған аумақтағы жайылым жерлерді көршілес Ордабасы ауданының шаруалары өздерінің малдарын жаю мақсатында пайдаланып жүргені белгілі болды.
Жұмысшы топ мүшелері жер телімдерінің құқықтық мәртебесі мен пайдалану жағдайына қатысты құжаттарды зерделеп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті талдау жүргізді. Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет тарапынан нақты талаптар мен міндеттемелер негізінде конкурс арқылы пайдалануға беріледі. Сондықтан жер пайдаланушылар белгіленген шарттарды сақтап, жерді мақсатқа сай игеруге міндетті.
Аралау қорытындысы бойынша аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ақбаев Нұрпеис Оразханұлы жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, конкурс арқылы пайдалануға берілген жер телімдерінің мақсатты түрде пайдаланылу деңгейін жан-жақты зерделеп, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, жер телімі өз мақсатына сай пайдаланылмаған жағдайда оны мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма берілді. Бұл бағытта тиісті құжаттар әзірленіп, қолданыстағы заңнама аясында қажетті шаралар қабылданатын болады.
Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Осыған байланысты өңірлерде пайдаланылмай жатқан немесе мақсатсыз игерілген жерлерді анықтау және оларды мемлекет қорына қайтару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мұндай шаралар жер ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және жерге мұқтаж азаматтардың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бәйдібек ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасады. Арнайы құрылған жұмысшы топ аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне кезең-кезеңімен мониторинг жүргізіп, заң талаптарының сақталуын бақылауда ұстайтын болады.
Жердің мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету ауыл шаруашылығы саласының дамуына, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және өңір экономикасының тұрақты өсіміне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып саналады.

