RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 4 АЙДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАЛПЫ ӨНІМ КӨЛЕМІ 206 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАП, ӨСІМ 111,3 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып, ауыл шаруашылығы саласы биылғы жылдың алғашқы төрт айында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 206 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 111,3 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш өңірдің аграрлық әлеуетінің артып келе жатқанын және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты даму жолына түскенін көрсетеді.

Аталған нәтижелер туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады. Өңір басшысы көктемгі дала жұмыстарының барысы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, су үнемдеу технологияларын енгізу және мал шаруашылығының дамуы жөнінде жан-жақты мәлімет берді.

Облыста агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі де айтарлықтай өсті. Төрт ай ішінде салаға 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспарланған көрсеткіш 1,8 есеге артығымен орындалды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және өнім көлемін арттыруға оң әсерін тигізуде.

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 919 мың гектарға жетті. Оның ішінде 536 мың гектарға жаздық дақылдар, 208 мың гектарға күздік дақылдар және 175 мың гектарға ескі жоңышқа орналастырылды. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатында мақта, мақсары және жүгері дақылдарының көлемі едәуір арттырылды. Атап айтқанда, мақта 162 мың гектарға, мақсары 85,4 мың гектарға, жүгері 55,2 мың гектарға егілді. Ал су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында күріш алқаптары 3,5 мың гектарға дейін қысқартылды.

Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін шаруалар қажетті тұқым қорымен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар минералдық тыңайтқыштарды пайдалану көлемі де ұлғайып келеді. Жыл басында 204 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланса, қазіргі таңда оның 90 мың тоннасы егістік алқаптарына енгізілген. Жеңілдетілген бағамен бөлінген 53 мың тонна жанар-жағармайдың бүгінгі күнге дейін 23,7 мың тоннасы шаруаларға жеткізілді. Бұл жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржылай қолдау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл жеңілдетілген несиелеуге 34 млрд теңге қаржы қарастырылып, есепті кезеңде жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын 1722 жоба қаржыландырылды. Бұл шаруалардың өндіріс көлемін арттыруына және жаңа жобаларды іске асыруына мүмкіндік беруде.

Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасы Түркістан облысында табысты жүзеге асырылып келеді. Биыл жоспар бойынша мұндай технологиялар 27 мың гектар жерге енгізілуі тиіс болса, нақты көрсеткіш 50 мың гектарға жетіп, жоспар екі есеге артығымен орындалмақ. Нәтижесінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы егіс көлемі 164 мың гектарды құрап, жыл сайын шамамен 280 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жаңа технологиялар қосымша 37 мың гектар алқапқа енгізілген.

Өсімдік шаруашылығында фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да тұрақты бақылауда. Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес аясында биыл 906 мың гектар аумақта зерттеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 889 мың гектар жерге мониторинг жасалды. Химиялық өңдеу жұмыстарына арнайы техникалар, дрондар, аэрозольді генераторлар, су тасымалдау көліктері және авиациялық құралдар жұмылдырылып, зиянкестердің таралуына жол бермеу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.

Түркістан облысы еліміздегі мал шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі саналады. Бүгінде республикадағы ұсақ малдың 20 пайызы, ірі қара малдың 13 пайызы, түйенің 14 пайызы, жылқының 10 пайызы және құс санының 5 пайызы осы өңірдің үлесінде. 2026 жылдың алғашқы төрт айында облыста 76 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121,7 пайыздық өсім тіркелді. Сонымен қатар 161 мың тонна сүт өндіріліп, 108 миллион дана жұмыртқа алынған.

Өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты сақталуда. Ветеринариялық қызметтердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 3,9 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 4 ветеринариялық станция, 109 ветеринариялық бекет және 21 мал өлексесін көметін арнайы орынның құрылысы жүргізілуде.

Түркістан облысы ет экспортында да көшбасшы өңірлердің қатарында. Республика бойынша экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы облыс үлесіне тиесілі. Төрт айдың қорытындысымен 4,2 мың тонна сиыр еті мен 9,4 мың тонна қой еті шетел нарығына жөнелтілді.

Үкіметтің қолдауымен өңірде жалпы қуаттылығы 50 мың басқа арналған ірі бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар 30 мың басқа арналған 6 кәсіпорын экспорттаушылар тізіміне енгізілді. Ет кластерін дамыту мақсатында жалпы құны 54,1 млрд теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылғаннан кейін 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл сайын 18 мың тонна ет және 90 мың тонна өңделген ет өндіріліп, жалпы құны 53,5 млрд теңгенің өнімі шығарылатын болады.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары ұйымдасқан түрде жүргізіліп, ауыл шаруашылығы саласының барлық бағыттарында оң көрсеткіштер қалыптасып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген негізгі нысаналы индикаторларға толық қол жеткізу және жыл қорытындысында жоғары нәтижелерге жету жоспарлануда. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инвестиция тарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан ТМД елдері үшін сенімді серіктес болып қала береді

redaktor_rastimes

Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау мен инклюзияны қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БОЙ КӨТЕРЕТІН НЫСАНДАРДЫҢ СӘУЛЕТІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу