Түркістан облысында өндіріс саласын дамыту, инвестиция тарту және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өндірістік парктер құру, жаңа кәсіпорындар ашу және өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде облыста жаңа өндіріс орындары ашылып, заманауи технологияларды өндіріске енгізу арқылы экономиканың түрлі салаларына серпін берілуде.
Осы бастамалардың аясында Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы саласына арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыратын «Avatar Agricultural Technology Development» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын бастады. Бұл кәсіпорын Түркістан облысында ғана емес, жалпы өңірдегі аграрлық секторды цифрландыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Зауыттың іске қосылуы ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін арттыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында құрастырылатын агродрондар негізінен егістік алқаптарына тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын шашуға арналған. Заманауи құрылғылар ауыл шаруашылығындағы қол еңбегін азайтып, егістіктерді өңдеу жұмыстарын әлдеқайда жылдам әрі тиімді орындауға көмектеседі. Әрбір агродрон 70 литрге дейін сұйықтық тасымалдап, бір ұшқанда шамамен 5 гектар жерді өңдеуге қауқарлы. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, бір агродронның құны шамамен 20 мың АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар құрылғыларды сатып алу ғана емес, жалға алу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл шағын және орта шаруашылықтарға жаңа технологияларды қолжетімді етіп, олардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Жаңа өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 500 дана агродрон шығаруға жетеді. Қазіргі таңда дрондарды құрастыруға қажетті негізгі бөлшектер Қытай Халық Республикасынан жеткізілуде. Алайда кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өндірісте қолданылатын қосалқы бөлшектердің бір бөлігін жергілікті нарықтан сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл өз кезегінде отандық өндірісті қолдап, жергілікті кәсіпорындармен кооперациялық байланысты дамытуға жол ашады.
Компанияның даму тарихына тоқталсақ, «Avatar Agricultural Technology Development» кәсіпорны алғаш рет 2019 жылы Қытайда құрылған. Ал 2025 жылдан бастап Қазақстан нарығына шығып, өз қызметін елімізде жүргізе бастаған. Қысқа уақыт ішінде кәсіпорынға 20-ға жуық тапсырыс түсіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан жоғары қызығушылық байқалған.
Кәсіпорын басшылығы өндіріс аясын кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін шығаруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, келесі жылдан бастап өрт сөндіруге арналған арнайы дрондар мен жүк тасымалдауға бейімделген жаңа үлгідегі ұшқышсыз аппараттарды шығару көзделуде. Бұл өндіріс бағытын әртараптандырып қана қоймай, түрлі салалардағы технологиялық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде зауытта төрт маман тұрақты түрде еңбек етуде. Өндіріс процесінің тиімді ұйымдастырылуының арқасында бір агродронды құрастыруға небәрі үш сағат уақыт кетеді. Мамандардың айтуынша, тапсырыс көлемінің артуына қарай өндіріс ауқымы кеңейтіліп, қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және өңірдегі еңбек нарығын дамытуға оң әсерін тигізеді.
«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаев агродрондардың ауыл шаруашылығындағы маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ұшқышсыз технологияларды пайдалану еңбек өнімділігін бірнеше есе арттырып, егістік алқаптарын өңдеу сапасын жақсартады. Сонымен қатар өндірістік шығындарды азайтып, ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, агродрон өндірісі орналасқан Сауран ауданының Шаға ауылындағы өндірістік парк бүгінде өңірдегі индустриялық дамудың маңызды орталықтарының біріне айналған. Қазіргі таңда парк аумағында 19 зауыт тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындар әртүрлі салалар бойынша өнім өндіріп, өңір экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы екі жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, Түркістанда агродрон өндірісінің іске қосылуы өңірдің инновациялық даму жолына бет бұрғанын көрсетеді. Бұл жоба ауыл шаруашылығын цифрландыруға, жаңа технологияларды енгізуге және өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Алдағы уақытта мұндай жобалардың көбеюі Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономиканың тұрақты дамуына тың серпін береді.

